11 қыр, 2019 сағат 15:37

Astana Media Week медиа-апталығында контент сапасы мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтанда жыл сайынғы Astana Media Week медиа-апталығы басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиаиндустрияның негізгі жетістіктері мен мүмкіндіктерін көрсету.

Үш күнге жалғасатын іс-шараға ірі медиахолдингтер мен телеарналар, жеке продакшн-студиялар, БАҚ саласы өкілдері қатысып жатыр. Оның ішінде «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Қазконтент» АҚ, т.б. бар. Шет елден де арнайы спикерлер шақырылған.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ашты. Министр Орталық Азияда баламасы жоқ бұл басқосудың отандық медиа саласын дамытуға қосатын үлесі жоғары болатынына сенім білдірді.

Медиа-апталық аясында мастер-кластар мен тренингтер ұйымдастырылып, отандық медиаиндустрияны дамытудың өзекті мәселелері талқыланады. Атап айтқанда, контент сапасы, жаңа аудиторияны тарту, аймақтық БАҚ жұмысы және халықаралық тәжірибелерге шолу секілді тақырыптар қозғалады.

Алғашқы күні «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Ерлан Оспан «Конвейердегі сауат» атты мастер-класс өткізіп, ақпараттық сауаттылықтың маңыздылығын, оның редакция беделіне әсері жөнінде айтты. Спикер цифрлық дәуірде ақпаратты сауатты ұсыну контент сапасын жақсартудағы маңызды элементтердің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ бағдарлама аясында «Qazaqstan Tarihy» интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ тақырыптық сайттарға аудитория қалыптастыру және сапа көрсеткішін арттыру тақырыбында мастер-класс өткізді.

Тәжірибелі журналистер өз жұмыстарынан мысал келтіріп, қатысушылармен пікір алмасты, көпшілік толғандырған сауалдарға жауап берді. 

Сонымен қатар апталық аясында әртүрлі жаңа жобалардың тұсауы кесілді. Мәселен, «Қазконтент» АҚ Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай интерактивті карта түрінде жасалған жаңа жобасын таныстырды. Сондай-ақ көпшілік назарына Нұр-Сұлтан қаласының көрнекті орнындарына, көшелер тарихы мен маңызды нысандарына арналған тағы бір жоба ұсынылды.

Айта кетсек, «Astana Media Week» медиа-апталығы 11-13 қыркүйек күндері аралығында өтеді.