«Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы Қазақстанның жаһандық ойыншылар үшін ашықтығын білдіреді. Мұндай пікірді бүгін елордада өтіп жатқан қазақстандық-америкалық бизнес-форум барысында АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы - бұл жаһандық ойыншылар үшін елдің ашықтығының белгісі. Біз Орталық Азия жөніндегі келісімнен таймаймыз және бұл бүкіл өңірге мүмкіншілік береді. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барынша қарқынды экономикаға жету жолындағы көрегендігін көрсетеді», - деді Уилбур Росс.
Ол «ашық әуе ұстанымы» жөніндегі америкалық-қазақстандық келісімге таяу арада қол қойылатындығына сенімді екендігін жеткізді. Аталған құжат Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының қалалары арасындағы ұшу шектеулерін алып тастау дегенді білдіреді. Шектеулердің алынуы таяу арада екі елдің арасындағы әуе көлігімен қатынайтын жолаушылар легін арттыра түседі.
Сонымен қатар АҚШ министрі екі елдің мұнай мен газ саласындағы ынтымақтастығы барынша жоғары деңгейде екендігін баса айтты.
Айта кетейік, форум жұмысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, 20-дан астам америкалық компанияның басшысы, қазақстандық бизнес өкілдері, министрліктер мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Шара аясында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымы, авиақұрылыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын 8 екіжақты құжатқа қол қойылды.
Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс елімізге сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездескен болатын.