28 мам, 2020 сағат 14:41

Астана халықаралық қаржы орталығының бюджеті азаяды

«Астана» халықаралық қаржы орталығының 2020 жылғы бюджеті өзгеріссіз қалды. Бұрын АХҚО бюджеті 20 млрд теңге болған. Алайда 2020 жылдан бастап азаяды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, алдымен 13,1 млрд теңге, 2021 жылы 12,5 млрд теңге, 2022 жылы 10,5 млрд теңге болады. 

Республикалық бюджеттен «АХҚО Әкімшілігі» АҚ-ға бөлінген 48,1 млрд теңге АХҚО юрисдикциясында тіркелген Тікелей инвестициялар қорын капиталдандыруға арналған. Үкіметтің басқаруындағы бұл қорды капиталдандыруға 35 млрд теңге бөлініп отыр. 

АХҚО-ның 13,1 млрд теңге бюджеті қаржы орталығының әкімшілігі мен органдарына: сот пен төрелік орталыққа, AFSA реттеушісі мен AIX биржасына бөлінеді. Ал 35 млрд теңгелік капитализация шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. 

Қазіргі таңда тікелей инвестициялар қорының жобалары бойынша шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 155 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жобалардың барлығы бірлесе инвестициялау принципімен жүзеге асырылады. Қаржыланырудың басым бөлігі шетелдік инвесторларға тиесілі. 

«Әлемдік экономика үшін ең қиын кездерде де Қазақстанға шетелдік инвестиция тоқтаған жоқ. Бұл тұрғыда ел өңірлеріндегі шикізаттық емес жобаларға шетелдік инвестиция тарту арқылы KDIF қоры да өз үлесін қосуда. Қолға алынып жатқан жобалар қазақстандық мамандарға 4,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді Тікелей инвестициялар қоры басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Әсет Әбдіғаппаров. 

Барлық жобалар шикізаттық емес секторға тиесілі. Атап айтқанда, аграрлық сала, туризм мен өңірлік инфрақұрылымды дамыту. Бұл жобалар Ақмола, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында іске асырылады. 

4 760 тұрақты жұмыс орнынан бөлек 2 360 маусымдық жұмыс орны ашылады. Тұрақты жұмыс орындары бойынша бір жылдық жалпы жалақы қоры 7,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорындар 2025 жылға қарай жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін бюджетке жылына 6,1 млрд теңге салық төлейді. 

Естеріңізге сала кетейік, «Kazakhstan Investment Development Fund» Ltd қоры ел экономикасына инвестиция тартудың қосымша құралы ретінде 2019 жылы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған еді. Қордың бастапқы капитализациясы шамамен 1 млрд АҚШ доллары болды.