Дубайда жетінші Дүниежүзілік үкіметтік саммит (WGS 2019) аясында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Біріккен Араб Әмірліктері министрлер кабинеті істері жөніндегі министр, WGS Төрағасы Мухаммед әл-Гергавимен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана хабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біздің көзқарасымыз бен мақсатымыз ортақ, бұл - адамдардың өмір сапасын арттыру. Осы тұрғыда БАӘ үкіметі Астана хабы қатысушы-елдерімен мемлекеттік секторда инновацияларды қолдану саласындағы озық тәжірибемен бөлісуге әзір», - деп атап өтті кездесу барысында Мухаммед әл-Гергави.
Өз кезегінде Әлихан Байменов мемлекеттік қызметтегі инновацияларды дамытудағы әріптестіктің маңызына тоқталды. Ол Хабқа 40 мемлекет, оның ішінде жаңа технологиялар мен электронды үкімет саласындағы көшбасшылар - Эстония мен Корея қатысатынын жеткізді. Хаб тұғырнамасында өзара тәжірибе әрі білім алмасу мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету мен электронды үкімет бойынша практиктердің екі Альянсы құрылған. Сонымен қатар, Әлихан Байменов БАӘ-нің мемлекеттік инновациялар бойынша мол тәжірибесі қатысушы-елдер үшін құнды болатындығын атап өтті.
Тараптар алдағы ынтымақтастықты, оның ішінде мемлекеттік инновациялар саласында бірлескен халықаралық іс-шаралар өткізіп, зерттеулер жасау мәселелерін талқылады. Әл -Гергави Астана хабына дүниежүзілік саммит жұмысына жыл сайын мемлекеттік қызмет бойынша параллель сессиялар ұйымдастырушысы ретінде ат салысуға ұсыныс білдірді.
Еске сала кетейік, бүгін Дубайда Дүниежүзілік саммит ашылды. Бұл әлемнің 150-ден астам мемлекетінен 3 мыңнан астам адам қатысатын ірі ғаламдық тұғырнама болып отыр. Онда мемлекеттік жоғары лауазым иелері, кәсіпкерлер, сарапшылар мемлекеттік органдар жұмысын жақсарту бойынша тәжірибе алмасып, келешектегі үкіметтер туралы өз көзқарастарымен бөліседі.