© Sputnik / Сергей Ким
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаев және оның сыбайластарымен келісімге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, прокуратура Қ. Боранбаевпен және басқа сотталушылармен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп (ҚК 189-бабының 4-бөлігі) және оларды заңдастыруға (ҚК 218-бабының 3-бөлігі) қатысты іс бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасаған.
Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті шарттары сотталушылардың ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі болып табылады.
"Осы орайда қала прокуратурасы сотталушылардың кінәларын толық мойындауын және 14,5 млрд. теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан, Қ. Боранбаев пен Р. Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Т. Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуі де мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
Мұндай жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалды. Оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері ҚК-нің ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделгеннен жоғары мерзімінің жартысынан аспауы тиіс" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ҚК-нің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтыны ескеріле отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын (ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайтын) тағайындау ұсынылған.
Процестік келісім қарау және оны бекіту туралы шешімді қабылдау үшін сотқа жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 22 тамызында апелляциялық сатыдағы сотта істі қарау барысында сотталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат берген болатын.