25 қар, 2019 сағат 15:58

Astana Hub-та Корей-Қазақстандық IT-орталығы ашылады

2019 жылғы 21 қарашада Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында «Зерде» Холдингі» АҚ және Корея Республикасының Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA) Ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық орталығын құру және жұмыс істеу үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тараптардың кездесуі NIA кеңсесінде өтті, онда «Зерде» Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Дурмағамбетов пен NIA президенті Йонг-Сик Мун келісімге қол қойып, Орталықтың тұжырымдамасын талқылады.

Меморандумға сәйкес ақпараттық технологиялар саласындағы Корей-қазақстандық ынтымақтастық орталығы (бұдан әрі - АТЫО) «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі базасында жұмыс істейтін болады.

АТЫО-ның негізгі мақсаты екі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ете отырып, АКТ саласында тәжірибе алмасу жолымен Оңтүстік Корея мен Қазақстанда ақпараттық қоғам құруға жәрдемдесу болып табылады.

Орталық екі елдің IT-мамандары үшін тәжірибе және білім алмасу, бірлескен жобаларды дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект, үлкен деректер, ашық деректер, Интернет заттары, смарт сити, 5G және т. б. қоса алғанда, жаңа технологиялар бойынша зерттеулер жүргізу алаңына айналады. Бұдан басқа, Орталықты құру әрекеті АКТ, технологиялар алмасу және өзара инвестициялар саласындағы саясатты жандандыру жолымен мемлекеттік органдар, АТ-компаниялар, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ғылыми топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан астанасында сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі және Корея Республикасының Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігінің Вице-президенті қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-корей семинары өтті. Іс-шара барысында тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде болашақ АТЫО-н құруды талқылады.