«Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-туры аясында өз алаңында Чехияның «Яблонец» командасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл жеңіс елордалықтардың УЕФА рейтингінде жоғарылауына жағдай жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.
Осы жеңістен кейін Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 50-орынға көтерілді. «Астананың» еншісінде қазір 27,5 ұпай бар. Бұл көрсеткішпен елордалық ұжым Чехияның «Виктория Плзень» (27) командасынан алда, Түркияның «Фенербахче» (28,5) клубынан кейін тұр.
Айта кетейік, төрт турдан кейін К тобында көш бастап тұрған Киевтің «Динамосы» «Астанамен» бірдей - 8 ұпай жинаған, тек голдар айырмасы ғана киевтіктерді бірінші орынға шығарды. 3 ұпаймен «Ренн» үшінші орында тұр, ал «Яблонец» 2 ұпаймен көш соңында келеді.