Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңі шеңберінде «Астана» клубы өз алаңында польшаның «Легия» командасын қабылдады. Тартысты өткен матчта елордалық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл ойында «Легия» клубы фаворит болып есептелді. Алайда «Астана» өз алаңында сенімді ойнады. Тіпті команда матч басталысымен-ақ өткір шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ қарсылас команда сауатты қорғанып, сәті түскен кезде «Астана» қақпасын нысанаға алып тұрды.
16 минутта «Астана» командасының шабуылшысы Джордже Деспотович (9) жарақат алды. Оның орнына Роман Муртазаев (45) шықты. Соған қарамастан «Астана» клубы өз тактикасын өзгерткен жоқ.
24-ші минутта елордалық клубтың жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслердің есеп ашуға мүмкіндігі болды. Алайда оның тепкен добы қақпадан биік кетті.
Ойынның 36-минутында елордалықтардың шабуылшысы Жуниор Кабананга есеп ашса, алғашқы тайм аяқталар тұста Иван Маевский есепті еселеді.
Екінші таймда поляктар сапынан Армандо Садику есеп айырмасын қысқартқанымен, ойын аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Патрик Твумаси «Астана» жанкүйерлеріне тамаша сый жасады.
«Астана» командасына 26 мың 100 жанкүйер қолдау білдірді.
«Астана» (Астана, Қазақстан) - «Легия» (Варшава, Польша) 3:1 (2:0)
Голдар: Кабананга 36 (1:0), Маевский 44 (2:0), Садику 79 (2:1), Твумаси 90+4 (3:1)
«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Кляйнхайслер (Граховац 80), Мұжықов, Деспотович (Муртазаев 20, Постников 89), Маевский, Твумаси, Логвиненко, Кабананга, Шомко.
«Легия»: Маляж, Паздан, Домбровски, Гильерме, Глоушек, Кухарчик (Михаляк 83), Нодь (Паскуато 62), Хямяляйнен (Садику 70), Мончиньски, Енджейчик, Мулен.
Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)
26 шілде. «Астана Арена» стадионы.