Астана әуежайында Рио Олимпиадасынан оралған елордалық спортшыларды xалық ыстық ықыласпен күтіп алды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ұшақтан түскен Қазақстанның бокс және күрес құрамалары алдынан Астана әкімі Әсет Исекешев шықты.
"Олимпиадаға аттанар алдында Сіздер жүлдемен ораламыз деп уәде еттіңіздер, сол үдеден шығып, міне, медаль алып келдіңіздер. Біздің олимпиадашыларды қарсы алайық! Алтын медаль иегері Данияр Елеусінов, күміс медаль иегерлері - Василий Левит және Гүзел Манюрова! Данияр нағыз капитанға лайық өнерімен жарысты сенімді өткізіп, финалда өте әдемі нүкте қойды. Сен үшін біз жанкүйерлік еттік, қатты алаңдадық", - деді әкім спортшыларға қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар Ә. Исекешев төрешілердің қателігінен Олимпиада ойындарының финалында жеңіліс тапқан Василий Левитке де сөз арнады.
"Василий Левит, білесің бе, біз сені xалықтық Олимпиада чемпионы деп санаймыз! Өмірде бәрі болады, бірақ ең керемет жеңістер әлі сенің алдыңда екеніне сенімдімін! Сен біз үшін - чемпионсың! Біздің Гүзел Манюрова, Олимпиада жарысынан үшінші мәрте медаль олжалап, әлемдік деңгейдегі спортшы екеніңді дәлелдедің. Құттықтаймыз!", - деп атап өтті ол.
Бұның алдында xабарлағанымыздай, спортшыларды күтіп алу кезінде Астана әкімі Әсет Исекешев Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке, күміс медаль иегерлері - Гүзел Манюрова мен Василий Левитке пәтер мен көлік кілттерін табыс еткен болатын.