Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, астаналықтар жыл сайын 500 мың тонна азық-түлік өнімдерін тұтынады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде біз «Атамекен» палатасымен жұмыс істеп жатырмыз. Жазда азық-тұтыну көлемі 160 мың тоннаны құрайды деген болжам бар. Демек, 10-20 пайызға өсім болады. Себебі көп қонақ келеді», - деді Исекешев Астана қаласы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында.
Әкімнің сөзіне қарағанда, бүгінде бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша тапшылық байқалады. Ал ЭКСПО кезінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көтерме таратушы орталықтарын ашу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері сол жерге өз тауарларын жеткізіп, тиімді бағамен сата алады.
Айта кетейік, бүгінгі жиын барысында Исекешев азық-түлік дүкендері мен дәріxаналары аз жерлерде ондай бизнесті ашуға ниет танытқан кәсіпкерлерге жеңілдік жасауға дайын екенін жеткізді.
«Біз қала бойынша 129 секторды анықтап алдық. Әрбір секторда шамамен 10 мың адам тұрады. Олардың тұратын жеріне қарамастан, әрбір адам үшін тиісті қызметтер тең болуы қажет, яғни қолжетімді болуы керек. Осыған орай 32 әлеуметтік стандарт әзірленді. Мәселен, қазір қаланың кейбір жерлерінде балабақшалар, дәріxаналар мен дүкендер жетіспей жатыр. Сондықтан біз өзіміздің барлық коммуналдық мүлігімізді конкурсқа шығаратын боламыз. Соның ішінде ғимараттардағы нысандар да бар. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар қызметтер, мысалы, «Дәрігер жаныңызда» жобасы аясында ашылатын медициналық орталықтар мен емханалар үшін нысанды жалға алудың жеңілдетілген ставкасын қоямыз. Сондықтан бизнес үшін біраз жеңілдіктер болады», - дейді әкім.