09 қыр, 2021 сағат 15:36

Ассамблея мүшесі қазақ тілін насихаттаудың тың тәсілін ұсынды


Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Элина Паули қазақ тілін танымал етудің тың тәсілін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз мемлекеттік тілді дамыту туралы бастамаларды қолдай отырып заманауи форматта жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, Татарстанда жыл сайын күзде «Татарша диктант жаз» атты дүниежүзілік акция өтеді. Оған әлемнің 50 елінен өкілдер қатысады. Тілді насихаттайтын бұл акция бүкіл әлемге таралды. Неге біз бұл тәжірибені қолдана алмаймыз? Әрине, бізде әртүрлі мемлекеттік тілді насихаттайтын диктанттар өткізіледі. Бірақ, әдетте, бірыңғай ауқымды формат жоқ. Ондай шаралар алдын ала хабарланбай, әлеуметтік желілерде жарнамаланбай ұйымдастырылады. Ол диктантты Қазақстан аумағынан тыс жерлерге де таратуға болады. Қазір әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе ТМД елдерінде Абай орталықтары бар. Солардың қолдаумен осы жұмысты атқаруға болады», - деді жастардың өкілі Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелде. 

Сондай-ақ, ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарына зор міндет артылып отырғанын жеткізді. 

«Тіл - халық жанын танудың кілті. Қазақстандықтардың бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру арқылы оны одан әрі дамыту және насихаттау – ассамблея жастары міндеттерінің бірі. Біз ертең ата-ана болып өз балаларымыздың болашағын ойлай отыра, олардың қазақ тілін білуіне мүмкіндік беріп, қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан бүкіл жағдай жасалып отыр», - деді «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі. 

Оның айтуынша, қазақ тілі Қазақстан халқы бірлігінің бірден-бір факторы болуға тиіс. 

«Біздер, көпұлтты еліміздің азаматтары қиын-қыстау заманда түрлі ұлттар мен ұлыстарды бауырына басып, құшақ жая қарсы алған қасиетті қазақ халқына қарыздармыз. Сондықтан, еліміздің тілін меңгеру - көпұлтты жастардың, қазақстандықтардың басты мақсаты», - деді Элина Паули.