25 сәу, 2017 сағат 12:25

Асқындырып алмайық, достар!

Ағаштың түбіне түскен құрт өрмелеп, жылжып басына да шыға алады. Басына түскен құрт түбіне де түсе алады. Бұл – тіршіліктің қай саласында болса да кездесе беретін, кезінде ескертетін таныс жай. Кезінде ескерілмесе, дәріленбесе, ұшықталмаса, кейін сол құрт сол ағаштың жемісінен шыға келеді. Бұл даусыз!

Осы әлпеттес, ескерер кезі әбден жеткен ауыртпалықтар әдебиетіміздің әр саласында да тым жиі кездесіп жүр.  Газет, журналдарымызда жарияланып жүрген, кейде тіпті оқу құралдарына «таңдап кіргізген» шығармаларға аузың тұшымайды: ой сезімі таяз, көркемдігі алабажақ, ойландырмайтын, сендіре алмайтын, қызықтырмайтын, әшейін ыза қылатын жасанды нәрселер етек алып барады. Мұндай дүниелер оқушылар тарапынан қандай наразылық туғызып жүргенін ескермей келеміз. Бұл бетімізбен кете берсек, әдебиетімізді қалай сүйреп бара жатқанымызға жаны ашымастың өзі болып шығатынымыз да даусыз.

Қазақ әдебиеті қазір талап-талғам туын жоғарырақ апарып шаншатын дәуірде. Отан шегінен тыс елдерге танылған прозасы, поэзиясы бар әдебиет өзін-өзі дүниелік жарыстамын деп білетін кезі болады. Қазір біздің кітап оқушыларымыз орыс әдебиеті мен орыс тілі арқылы бүкіл дүние әдебиетімен, барлық Совет елдері әдебиеттерімен таныс. Таныс қана емес, сол әдебиеттердің бәрі де оқушының күнбе-күнгі рухани қорегіне айналды. Осындай жағдайға көркем әдебиет деп аталатын асыл қазынамызға жауапсыздық, талғамсыздық араласуы – үлкен өкініш.

Әуелі соңғы айларда газет-журналдарда басылған өлеңдерден біраз мысалдар келтірейік. Бір ақынның «Жан көкем» деген өлеңінде мынандай жолдар бар:

Жал құйрығын түйдіріп жүйріктің,

Жүрексінсем сақадай үйіріп тым...

Мұны көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да поэзия үйіріне қосуға болмаса керек. Үш буынды сөз бен төрт буынды сөз он бір буынды қара өлеңде ұйқаса алмайды: «Жүйріктің», «үйіріп тым». «Жүрексінсем сақадай үйіріп тым» дегені – сын айтуға болмайтын дөрекілік.

Екінші бір ақында мынандай жолдар бар:

Қазабат кезде қайсарлық рух танытқан.

Теңіздер тектес ұл өседі екен-ау жақта бұл!

«Қазабат» дегені «ғазауат» болар. «Ғазауат» – дін атымен көтерілген қозғалыс ұраны. Қазақ халқы дін атымен көтерілген қозғалысқа қатынасқан емес. Сондықтан ақын пайдаланған «қазабат» біздің тілімізге де кірген емес. Поэзия жасанды түсініктермен байымайды. Екінші, онсыз да бұлдыр-буалдыр жолдарға «жақта бұл!» деп инверсия кіргізуі орынсыз. Онсыз да сүрініп-қабынып, ақын ойын әрең түсініп келе жатқанда «жақта бұлға» жеткенде құдыққа құлап кеткендей боласың.

Екінші, бұл өлең «сөйлеп айтатын» түрдің нормасында жазылған. Бұл түрді алған екенсің, оның өзіне тән пластикалық толқындауы бар. Дыбыс спекторын да қалай болса солай қолдануға болмайды. Ішкі ырғақ еріксіз айдап әкеліп, салмақты түйінді ойына түсіріп отыруға тиісті. Мұны ұмытпау керек. Мүмкін, жете білу керек, сезіне білу керек десек те, қате десек те қате бола бермес.

Үшінші бір ақын «Желдірме» деген өлеңінде жастарға баяғының қара надан молдасынша сын айтады:

Шалбар киді кей қыздар

Балақтарын тылтитып.

Құйрығындай ешкінің

Шашын кесті шұнтитып.

Ресторанда билеп жүр,

Мықындарын бұлтитып...

Әйтеуір, арзан ұйқас қуалаған ақынның аузына мұның ар жағында сымпитып, жымпитып, жыртитып деген ұйқастар жатқаны қалай түспегеніне таң қаласың!

Ақын қазақ қыздарына шалбар кимеңдер, шаштарыңды кестірмеңдер, билемеңдер дейді. Жастар тіршілігінде сынайтын мінездер жоқ емес. Ішімдігі бар, басқасы бар, өмірді ерте «қызықтап», кеш өкініп қалатын, жастық балғындығынан ерте айырылып, ерте қасаңсып қалатын жастар кездесетіні рас. Ал, мына сын – жаңалық біткенге қарсы кертартпа сарыны.

Төртінші бір ақын «Анам» деген өлеңінде былай депті:

Ұл-қызы, үйлі-баран...

Алшақтады...

Ол болса оң бейілін мол сақтады...

Ақынның осынша қиналғанда айтайын дегені – оп-оңай-ақ нәрселер: «ана ұл-қыз өсірген ақ бейіл адам еді». Осыны айту үшін әдейі күшенбесең, күшенетін жер емес. Мұндағы «ол» – ана. Біздің тілде «ол» деп, орнына қарай, еркекке де, әйелге де айтылады. Ақын бұл жерде орнын таппай қолданған.

Жақын арада инженер А.Т. жолдастың үйінде болдық. Баласы М. математик, қазақша білмейді, әрине. Шаштаразға кеткен келіншегі келгенше бала тынышсызданып, шешесі мен жеңгесіне қарап: «Галә қайда жүр, неге кешікті?» – деп сұрай береді. Екі-үш рет сұрағаннан кейін жеңгесі қалжыңдап: – Галәдан басқа сөзің жоқ па сенің? Қайда кетуші еді ол! – деді қазақша!

– А, что! Мен олды коп-коп соз қыламын! – деді жігіт.

Сөз қыламын деуге тілі келмейді. Жеңгесі сөз аяғын ол деп бітірген соң, жігіт соның ыңғайымен «олды» деп тұр. Күлдік те қойдық, кешірімпаз әдетіміз бойынша кешірдік... Тек қана жігіттің шешесі күрсініп қойды. Ал енді, ақынға мұндайды кешіруге болмайды.

Бесінші бір ересек ақынды «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұзафар мен Мұқағали дұрыс сынға алды. Бұл ақынның «Дастарқан жыры» деген өлеңінде таң қаларлық өрескел жолдар бар:

– Ақ шампандай бұрқылдаған бал қымыз, –

Сәйгүлікті сауып ішкен жандардан...

Бұл дастарқан бейнеті ғой нелердің...

Дастарқанда қара қойдың басы алда...

Маңдай тері төгілген сан тосанда...

Қайран біздің бабалар сан жасанған... –

деген жолдары өлең әулетінің біреуіне жанаспайды. Мұқағали дұрыс сынаған: «Өлеңнің өн бойында поэзия көркі пәс!». Әбдікәрім Ахметов сияқты естияр ақынымыздың мұндай өлең жазғаны қатты қынжылтады. Бұл – Мұзафар айтқандай, «ала бөтен ақауы жоқ» өлең емес, төрт аяғынан түгел ақсап жатқан өлең.

Осы келтірілген өлең жолдарынан нені көреміз? Поэзиямыздың әр жеріне құрт түскенін көреміз. Мен бұл өлеңдерді биыл шыққан газет-журналдардан әдейі теріп алғаным жоқ, тым көп болғандықтан қармақсыз қолға өздері іліне кетті. Молайып барады екен. Жаны ашыр сыншы болса, қимылдар кезін өткізіп алмас деп сенемін. Тек, көтермешінің даурықпасы емес, сипалақ сын емес, өресі жеткенше білімді қатал болса да барынша әділ сын болсын.

Енді, енеміз емшектес прозадан бірер мысал келтірейік. Жақында «Қазақ әдебиетінде» Ә.Нілібаевтың «Бұлбұл» деген новелласы басылды. Новелла қазақтың атақты әнші қыздары Күләш пен Бибігүлге арналған.

«Алтайдың асқарынан құлай аққан күміс толқынды асау бұлақтың жасыл жағасы. Балғын жапырақты боз тал мен жасыл желек жамылған ақ қайың, айналасына бұтақ жайған биік бәйтерек пен жамырай өскен жас құрақ еркелей ескен самал желдің лебімен үкідей үлбірей қозғалып, баяу ырғала билеп тұрғандай. Үстіндегі ақ жібек көйлегі сұлу сусылдап самал желге желбіреген жас қыз енді ғана өсіп келе жатқан жіңішке де қысқа бұрымын қос қолда ұстап, осынау көркем көрініске қызыға қарап ұзақ тұрған еді. Келесі сәтте жас қыз елең етіп, бір әсем әуенді тыңдай қалды. Не деген ғажап үн!..».

Ән салған бұлбұл. Тыңдап тұрған Бибігүл. Осылай барынша жоғары алынған сарында жас қыз әнмен «оңаша сұхбаттасып» тұр... Серуенге бірге шыққан ауыл қыздарынан бөлініп қалған...

«Ақ таңның алтын сәулесі Алатаудың тәкаббар шыңдарына иек артып, айналаны асыл нұрымен жайнатып жіберген. Көшені бойлап ескен са-мал көк жібек көйлегін көлбеңдете желпіп, үлбіреген алма бетін аймалай еркелейді. Күләш болса, қарақат көзі күлімдеп, іштей рахаттана күбірлеп, Алатаудың каусар самалын кеуде кере жұтып, баяу адымдай түседі». Бұл Күләш... Іздену үстіндегі, әлденені таба алмай жүрген бір кезеңі.

«Күләш орнынан тұрды да, жасыл шалғынды тізеден кешіп, бақ ішін тағы аралап кетті. Әнші де творчество адамы. Ең алдымен әнші өз Отанының азаматы...».

«Күләш тағы орнынан тұрды.Екі қолын артына салып әрлі-бері жүрді. Салқын самал бәйтеректің жасыл жапырағын баяу қозғап, сұлу сусыл естіледі.Ол түрегеп жүрген қалпы тағы да ойға шомды».

Осы арада бір «уһ!» деп алмасқа амал жоқ. Тым сұлу, жөнсіз сұлу... Татып көрмеген тәттіміз.

Бұдан кейін Күләш Хамидиге Алябиевтің «Бұлбұлынан» кем түспейтін «Бұлбұл» әнін жазып беруді өтінеді, Хамиди жазады. Күләш орындайды.«Үлпілдек самалмен жеңіл желпінген асау Ертістің «ойыны» сезімін сергіткен Бибігүл қолын судан алмай ұзақ ойнаған» күні радиоқабылдағыш арқылы Күләш салған «Бұлбұл» әнін естиді. Ынтызарлығы сонша, көшенің ортасында тұрып тыңдап қалған. Бір ақсақал адам: – Балам, жолдан былай тұрсаңшы, арба қағып кете жаздады ғой!» дегенде ғана жас қыз қай жерде тұрып қалғанын аңғарған.

«Апырмау, қанша жыл сарыла іздеген жоғы енді ойламаған жерде, көшеде кездескені ме?».

Сонымен әңгіме түйіні «Күләш «Бұлбұл» әнін аялап өтсе, Бибігүл мәпелеп келеді...».

Автордың өз сөздерін осынша ұзақ келтіргеніміз ырзалықтан емес, наразылықтан екені танылған болар. Онымыздың бірнеше себебі бар:

Бірінші, алған тақырыбыңның ішкі сырын ашудың орнына үлпілдеген, үлбіреген табиғат сипатына сонша көп орын беруге болмайды. Оның үстіне мұндағы Алтай мен Алатау сипаттамалары біріне-бірі ұқсас. Жасыл жапырақ, самал жел, тағы-тағылары әнші қыздардың бейнелерін жауып кеткен. Және ылғи бірыңғай тәтті сөздермен берілген. Орыс әдебиетінің есейген кезінде айтылған «Айналайын, тым сұлу сөйлемеңізші!» деген сөз бар. Біздің жас авторға да осыны айтқан жөн болар.

Оның үстіне тал, қайың, бәйтерек, жасыл құрақ, бәрі бір жерге өсе бермейді. Алтай мен Алатау табиғаты да біріне-бірі ұқсас емес. Жасыл жапырақ, самал жел қайда болса да бар екені рас, бірақ, өзіндік айырмасы да болмақ.

Екінші, «қолын суға малып ойнап жүрген жас қыз»: «Апырау, қанша жыл сарыла іздеген жоғы көшеде кездескені ме?» – деп ойлайды. Жас қыз не себептен бірден «Бұлбұл» әніне құмартады. Не үшін «Бұлбұл» әні «қанша жыл сарыла іздеген жоғы» болмақ? Қаншы жыл бір әнді сарыла іздесе, ол қыз – қолын суға малып ойнамасқа керек.

Күләш не үшін жасылшалғынды тізеден кешіп, екі қолын артына салып жүр? Жас әйелдің екі қолын артына салып жүргенін кім көрген? 

Көркем әдебиетке болсын, көремөнерге болсын, ешкім ортадан ойып түспейді. Өсу жолының баспалдақтары бар. Біз білетін Күләш пен Бибігүл де сол баспалдақтармен көтерілді. Әнші қыздардың екеуінің де «Бұлбұл» әніне ынтызар болуы сендіре ала ма? Жоқ, әрине.

Ал, осы екі әнші қыздың әнге құмартудан басқа мінездері, жаны барлығы, тәні барлығы аңғарыла ма? Аңғарылмайды. Асанқайғы дұрыс айтқан:

– Таза мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан сөз,

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

Жазуға талаптанудың, көркем өнерге талаптанудың ой түбінде жатқан арманы қоғам тіршілігінің қозғауымен оянады. Күләш та, Бибігүл де «Бұлбұл» әніне құмартудан бұрын талай баспалдақтардан өтті, олардың жолына да жібек кілем төсеулі болмайтын. Қиналған, қуанған, сүрінген, жеңген кездері бар. Творчество адамдарының қуанғаннан жылар кезі, назаланғаннан күлер кезі болады. Сондай кездерде олар қандай екен?..

Күләш пен Бибігүл – көркемөнердің атақты адамдары, үлкен қайраткерлері. Олардың өмірбаяндарын азғантайға сайып, арзан танамоншақпен жылтырата салуға болмайды.

Соңғы айтарым: осы «Бұлбұл» новелла ма, очерк пе? Толық мағынасында екеуі де емес. Көркем әдебиетке қосылатын новелланың өз логикасы, өз кілті бар. Өз түйіндеуі мен өзіндік шешімі бар. Ал очерк деуге тым жалаңаш, азды-көпті мазмұнын желбуаз сөздер көміп кеткен.

Тағы бір прозалық әңгіме туралы пікір айтқым келеді. Әңгіме аты – «Бой тұмар», авторы – Аян Нысаналин («Мәдениет және тұрмыс», 1971 жылы, май номері).

Шығарманы қай жағынан қай әдіспен талдауды ең алдымен сол шығарманың өзі нұсқап тұрады. Мен де «Бой тұмарды» өзі нұсқап тұрған әдіспен тексергім келеді.

Ең алдымен құрылыс материалдарын, одан кейін құрылыстың өзін, ең соңында ие болып шыққан нәтижені айтпақпын. Әңгіменің құрылыс материалдары мынадай:

1. Ауылына келген жас жігіт – Елдостың елін-жерін сағынышы – 35 жол.

2. Әке мен баланың қысқа ғана отырысы – 32 жол.

3. Елдосты бала кезінде әкесінің бүркіт балапанын ұстауға апарғаны, жолшыбай атақты бір бүркіт әңгімесін айтқаны – 75 жол. 

4. «Тоғыз құмалақ» үстінде Елдостың космосқа ұшатын болғанын ашу – 25 жол.

5. Бас конструктордың оны космосқа ұшар алдында елге дем алып қайтуға жібергені – 14 жол.

6. Балалық шақтан аз ғана еске алыс – 7 жол.

7. Алтынай дейтін келіншектің үйіне барып жадырап қайтуы – 56 жол.

8. Аттанарда жақындарының жиналуы, әкесінің «Бой тұмар» тағып беруі – 8 жол. Барлығы үш бағаналап терілген журнал бетінің 250 жолы шамасында.

Әңгіменің материалы мен қалай құрылғаны осы тізімнен-ақ көрініп тұрса да, құрылыстың әрбір бөлшегі өз мазмұнын аша кетуді керек ететін сияқты.

Алғашқы 35 жолда жас жігіт сағынған ауылын, жерін аралап жүр. Тау... Өзен... Самал жел ...Тас түлегін сағынған самал сыбдыры...

Әңгіменің отыз екі жолдық екінші бөлшегінде әке мен бала «Тоғыз құмалақ» ойнайды. Елеулі әңгіме жоқ. Елдостың жүзі жабырқау. Мінезі тұйық, бұйығы. Әкесінің бір кезде атақты құсбегі болғаны аңдалады. Қазір қартайған, жақ еттері суалған...

Келесі 75 жолда Елдосты әкесінің бүркіт балапанын ұстауға апарғанда айтқан бір әңгімесі.

Байдың әумесер баласы біреуден қояр да қоймай атақты бір «Саршолақ» деген бүркітті қалап әкеледі. Қансонар кезінде бүркіт шаңқылдап маза бермепті. Әумесер бала бүркітті қамшымен ұрыпты. Сол күні «Саршолақ» әумесерге бір түлкі, бір қасқыр алып беріп, содан кейін сорғалап келіп иесінің өзіне түседі. Иесі атының бауырына тығылады. «Қыран топшысы ердің күл-паршасын шығарып, аттың бел омыртқасын үзіп жіберіпті.Іздеушілер келсе, «Саршолақ» иесінің кеудесінен жүрегін суырып алып жеп отыр екен»...

Сонымен бүркіт топшысымен соғып,  ерді талқандап, аттың бел омыртқасын үзіп жіберген. Ол аз болса, аттың бауырына тығылған жігіттің жүрегін суырып алып жеген... Бұған әрине, бесіктегі бала да иланбайды. Бірақ, автор иланатын сияқты. Осы ойға сиымсыз ертегі арқылы Елдостың аспанға ұшуды арман етіп алғанын тұспалдайды: «Бұл айтулы ұшқыштың аспанға жолы тап осы кезде басталмағанына кім кепіл?» дейді.

Замандас жастың космосқа ұшпақ арманын өмір шындығы арқылы, жігіттің жігер-талабы, табандылығы арқылы бейнелеудің орнына, қисыны жоқ болмашымен дәлелдеу – реализмнен алшақтасу деген сөз.

Әкесінің баласына рұқсат бергені де қызық:

1. Сонымен ұшамысың?

2. Ұшамын.

3. Елге қашан оралмақсың?

Білмеймін.

5. Мейлі, ұшсаң, ұша бер...

Кім еді, әлгі ғарышқа ұшып жатқан көрінеді ғой. Сенің ата-бабаң кем туып па солардан?».

Жігіт енжар. Қызу, рухтану, намыс сезімі дегендер жоқ. Аспанға емес, ауданға барып қайтардың төңірегі.

Әңгіменің енді бір елу жолы Елдостың Алтынай деген келіншекпен оңаша үйде кездесуіне берілген. Алтынай бір кезде Елдоспен мектепте бірге оқыған. Қазір «жұтынып тұрған, толысып піскен келіншек. Күйеуі былтыр көкпарда өлген. Екі жас ұзақ әңгімелесті. Екеуі де жадырап қалды».

Екі күннен соң Елдос жүріп кетті, аттанарда әкесі «ұлын құшақтап тұрып, кішкентай бой тұмар тағып берді. Бой тұмардың ішінде туған жердің бір шөкім топырағы бар еді». Сонымен әңгіме аты «Бой тұмар» болса, оған бергені осы екі жарым жол...

Елдос еліне келгенде бір адаммен кездесіп ашылып сөйлеспейді. Космосқа ұшар адамның қызу, ақ жарқын, тәуекелшіл мінезі жоқ, бұйығы, жабырқау жігіт. Меніңше, бұл жігіт космосқа ұша алмай, қайтып келіп, мықтағанда жүк машинасына шофер болуға лайық.

Алған тақырыбына ат үсті жауапсыз қарау әдебиет зерттеуші ғалымдарымыздың бірі – Сәйділ Талжановтың «Барақ батыр» деген мақаласында мол кездеседі («Мәдениет және тұрмыс», май, 1971).

Сәйділдің мақаласы толып жатқан батыр Барақтардың біреуі Найман руынан шыққанын дәлелдеуге арналған. Ғалым адам ғылымға сүйеніп, өзі зерттеп, анықтаған пікір айтар деп күтесің. Сәйділ бірақ мақаласын бастай бере, шатастыра жөнеліпті. Не бәрі үш жол бойында Барақтың батырлығын, әділдігін, ақылдылығын мадақтай келіп, енді оның қайдан шыққанын таныстырғанда былай депті:

«Ол – найман руынан сурылып шыққан,тірі жанға бас имеген, қанша шақырса да, тұқымдас бола тұра, Кенесарыға да ермеген жеке батыр».

Сонда деймін-ау, батыр Барақ найман руынан суырылып шықса, Кенесарыға қалай тұқымдас болмақ? Әлде, Кенесары да найман руынан суырылып шықты ма екен? Тарихшыларымыз олай демейтін сияқты еді ғой?...

Сәйділдің өзі келтірген материалдарда поляк А.Янушкевич былай депті:

– «Барақ – хан тұқымынан, Шыңғыс әулетінен». Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында: «Барақ – арғынның, оның ішінде Қуандық ұлысының батыры» деген екен. Мұхтар Әуезов «Абай» романында Барақты найманның батыры деп еді дегендей тұспал жасайды.

Мақаланың аяғында «батыр Барақ пен аға сұлтан Барақ бір кісі – найманның батыр Барағы» деген қорытынды жасалыпты.

Дәлел қайсы? Мұндай қорытынды жасау үшін ғалым нені зерттеген, не тапқан? Ондай мәлімет мақалада жоқ. Кімдікі дұрыс, кімдікі қате, Сәйділ оған да соқпайды. Аяқтап келгенде айтып отырғанымыз – Аягөздің аға сұлтаны  болса, ол найман руынан шықпайды, әрине, Шыңғысхан әулетінен шығады. Тап осы батыр Барақ тарихымыз үшін керек пе, жоқ па, ол өз алдына мәселе, бірақ, тарихта болған бір адамның қайдан шыққанын зерттегің келген екен, қорытындың өз зерттеулеріңнің нәтижесі болу керек. Мен Барақтың қайдан шыққаны туралы таласқым келіп отырған жоқ, ғалымның өзі зерттеп, анықтамаған мәселе жөнінде қорытынды жасағанын қате дегім келеді. Әрине, батыр тауып бермедің деп наймандар да өкпелей қоймас...

Сәйділ мақаласының бас жағында үш Барақ бар дейді де, қорытындысында біреуін қысқартып екеуін ғана қалдырады. Шынына келгенде, батыр аталған Барақ қай руда болса да болуы мүмкін. Мысалы, Қостанай облысы, Қараоба деген жерде «Барақ батырдың» моласы бар. Сәкен білетін, Мұхтар білетін Барақтар да болуы мүмкін. Түптеп келгенде, оның бірде-бірі тарихи проблема емес қой.

«Тірі жанға бас имейтін, әрі ақылды, әрі мейлінше адал батыр» не істепті, қандай батырлық, қандай ақылдылық, адалдық істепті? Бұл жағынан зерттеуші не айтады? Соған келейік.

Әлдеқалай Шәуешекке барғанда Барақ қаланың комендантына бас имепті. Құдайға ғана бас ию керек депті. Мұнысын бағалаған жөн. (Бірақ, бұл да Янушкевичте келтірілген факті).

Барақ батыр жайында ел аузында аңыз бар екен. Сәйділ соны келтіреді. Аңыз не дейді? Бір күні Ағыбай батыр қырық жігітімен далада тай сойып, қазанда ет пісіп жатыр екен. Ағыбай ұйықтап қалады. Бұлардың үстіне кержорға ат мінген бір жас жігіт келеді. Екі рет ұйықтап жатқан Ағыбайдың бетін ашып қарайды. Екі рет қазанынан екі кесек ет алып, асап жібереді де, кетіп отырады.

Жігіттер Ағыбайды оятып, масқара болғандарын айтады. Ағыбай жігітті қуып жөнеледі. Бір заманда қуып жетеді. Жігіт Ағыбайды тірі жанға есептемейді, кете береді. Ертеңіне бұлардың алдынан үйірлі құлан кездеседі. Жігіт құланның құлынын жерден іліп алып, тақымына басады да жүре береді...

Тағы бір кезде тоқтап, Ағыбайға тамақ пісіруді тапсырып, қаруларын тастап, жігіт ұйықтап қалады. Қорлыққа намыстанған Ағыбай ұйықтап жатқан жігітті шоқпармен қос қолдап тұрып қақ маңдайдан переді келіп!.. Жігіт оянбайды да... кейін ет жеуге отырғанда «осы жердің маса-сонасы қалың-ау деймің маңдайымды шағып кеткен тәрізді», – дейді. Барақ батыр осы екен.

Осылардан басқа оның  батырлығын, ақылдылығын, әділдігін танытатын еш нәрсе жоқ.

Бұл аңыз да «Бой тұмардағы» «Саршолақ» бүркіт жайындағы әңгіме сияқты қисынсыз, қызықтырмайды да сендірмейді, тұспалдайтыны тағы жоқ.

Осындай не көркемдігі, не маңызы жоқ, таяз ойдан туған болмашыны жазып, оқушының басын қатырудың не керегі бар?

Біз біріміздің жазғанымызды біріміз қадағалай оқымайтын салтқа бой үйретіп алдық. Әсіресе, ұшырасып қалатын кемшіліктерге бейжай қараймыз. Батыра сын айту – басыңа бәле шақырумен бірдей деген көзқарастан да сау емеспіз. Іс жүзінде мұның дұрыстығы да жоқ емес. Дегенмен, жазушы қауымына кешірілмес бейжайлыққа, «жапалағым, сен тимесең, мен тимеге» құл болу – үлкен ұят. Бұл – жазушылар қоғамы болып, түгел қолға алатын ісіміз. Қай қоғам болса да, өз кемшіліктеріне өзі ие бола алуға міндетті. Олай етпесек, асқындырып алар кез алыс емес сияқты!

Ғабит Мүсірепов. "Классикалық зерттеулер" кітабынан

Ұлт порталы