Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына директоры Асхат Маемиров «Junior Eurovision-2019» байқауында Ержан Максимге жетпей қалған көрермендердің дауысына қатысты пікірін білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде біреу құлап қалса, сүрініп кетсе соны талқылайды. Ал жетістіктерді жазбаймыз. Неге олай екенін білмейміз? «Junior Eurovision-2019» ән байқауына қатысып жатқанын бәріміз біліп отырдық. Селқостық бізде бар. Бірақ, сол отырған адамдар біреудің сүрінгенін көрсе, жиналып алып, талқылайды. Жеңіске қуана алмаймыз. Бұны жоққа шығара алмаймыз» деді Асхат Маемиров тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Ал жас әнші шырқаған әннің композиторы Хамит Жанғалиев болса, Ержан Максимнің өнеріне төрешілердің бәрі жоғары ұпай бергенін айтады.
«Бірақ, біздің кемшілігіміз – дауыс бермегенімізде. Бұл біздің Интернеттегі арзан әзілдерге құмармыз. Ал елде не болып жатқанына мән бермейміз» дейді ол.
Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында екінші орын алған Ержан Максиммен кездесіп, жас өнерпазды жеңісімен құттықтаған болатын.
Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алды. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орында еді. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орын алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Максимді ән байқауындағы жүлдесімен құттықтаған еді.
Өз кезегінде Ержан Максим қазақстандықтарға алғысын айтты.
«Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім. Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рахмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын» деп жазды әнші.