Алдағы уақытта басылып шығатын мектеп оқулықтары мүлдем жаңа сапада болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқулықтар мәселесі өте маңызды. Бұл - баяғыдан келе жатқан, халықтың көкейінде жүрген ең басты мәселенің бірі. Бізде кейбір әріптестеріміз «оқулық - қосымша құрал» деп айтады. Мен онымен келіспейтіндігімді әрқашан да айтамын. Оқулық - бала үшін ең негізгі құралдың бірі. Бала оқулыққа сүйеніп оқиды. Оқулықта болған ақпаратты бойына сіңіреді. Сондықтан оқулыққа біз өте үлкен назар аударып жатырмыз. Біз оқулықтың жалпы дайындалу процесін өзгерттік. Жалпы, авторларды алып, бұл солардың ғана проблемасы десек, дұрыс емес. Не баспалардың проблемасы деп, баспаға аударсақ та, дұрыс болмайды. Қоғамда сондай ой қалыптасқан. Біз министрлік ретінде жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек. Өйткені, жалпы осы саясатты жүргізіп отырған министрлік. Әрине, бұл жерде баспалардың, авторлардың жіберген қателіктер бар. Бірақ, негізінде осы саясатты Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отыр. Сондықтан біз осы саясатты күрт өзгерттік», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтынша, кітап дайындау барысында ең алдымен бағдарламалардың дұрыс болуына баса мән беріледі. Содан кейін ғана сараптама жасалып барып оқулыққа енгізілетін болады.
«Сараптамаға мұғалімді 7 күнге шақырып, қаншама кітапқа сараптама жаса деген кезде оның еш тиімділігі болмайды. Өйткені, жақсы мұғалім кітапқа сараптама жасайтын жақсы маман деген сөз емес. Оқулықтану деген бөлек ғылым. Оның өзіндік заңдылықтары бар. Жалпы биыл біз оқулықтарға қатысты жаңа ереже қабылдадық. Енді бұдан кейін шығатын оқулықтар басқа сапада жарық көреді», - деді Асхат Аймағамбетов.