22 жел, 2020 сағат 12:30

Әскерилерді коронавирустан қорғау үшін қандай шара атқарылды?

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сарбаздарды коронавирустан қорғау үшін қандай шара жасалғанын айып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қарулы Күштерде адам саны айтарлықтай көп, сондықтан барлығына жиі-жиі тест жүргізетін мүмкіндік жоқ. Бірақ, бұл жұмыстар бас санитарлық дәрігердің қаулысына немесе ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес жүргізіледі. Барлық қауіп топтары, әскерге шақырылғандар және запасқа шығатындар ПТР-тестілеуден өтеді. Одан да басқа қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралары қарастырылған. Бақылау-өткізу бекетінде визуалды тексеру, қашықтан термометрия және келушілерге сауалнама жүргізіледі. Режим бойынша шектеулер бар, бөтен адамдарға әскери бөлім аумағына кіруге және әскери қызметшілер, мерзімді қызмет пен курсанттардың сыртқа шығуына уақытша тыйым салынды», - деп жауап берді Н. Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына. 

Оқу сыныптары мен аудиторияларда және жатын үй-жайларда әскерилер кемінде 2 метр қашықтықта орналасқан. 

«Қазір бір әскери қызметшіге арналған текше метр ауа және санитарлық торап стандарттарын өзгерту жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау, барлық жерде дезинфекция құралдарының болуы және бетперде кию міндеттелді, әскери бөлімдерде қол алысуға тыйым салынады. Тұрақты түрде әскерилермен әңгіме-сұхбат жүргізіледі, вирустан сақтану жолдары түсіндіріледі», - дейді Қорғаныс министрі. 

Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігі бюджет қаражатынсыз, демеушілік көмекпен 2 ПТР-зертхана ашқан, олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. 

«Оған қоса, Үкіметтің қаржы-экономикалық бөлімінің қолдауымен тағы екі ПТР-зертхана жабдықтадық. Бірнеше ПТР жинақтары мен құралдарды шетелдік әскери ведомстволардағы әріптестеріміз қайтарымсыз көмек ретінде жіберді. Осылайша, барлық гарнизонымызды қамтуға тырысып жатырмыз. Азаматтық зертханалармен де келісімдер бекітілген, яғни барлық гарнизондағы әскерилеріміз әдеттегі зертханаларға барып, тест тапсыра алады», - деді Нұрлан Ермекбаев. 

Бұған дейін Қорғаныс министрі 2 мыңнан астам әскери қызметшінің коронавируспен ауырғанын айтқан еді.