08 қаз, 2018 сағат 16:39

Асқар Жұмағалиев БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесті

Нью-Йорктегі инвестициялық конференция аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен БҰҰ-дағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және оның орынбасары Лю Чжэньминмен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кездесулерде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, БҰҰ-ның резидент-үйлестіруші жүйесін реформалау және электрондық үкіметті дамыту туралы айтылды.

БҰҰ басшылығымен әңгімелесу кезінде Асқар Жұмағалиев Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы туралы айтып берді.

Бағдарлама инфрақұрылымды, адам капиталын, электронды үкіметті, цифрлық экономиканы және инновациялық экожүйені құруды дамытуға бағытталған. Вице-премьер, сондай-ақ, бұл Бағдарлама тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін құралдардың бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде, БҰҰ-да цифрлық технологияларды енгізу саласындағы Қазақстанның маңызды жетістіктері аталып өтті.

Бас хатшы Антонио Гутерриш ҚР мен БҰҰ арасындағы электрондық үкіметті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасу мүмкіндігін қарастыруға ниет білдірді.

Бас хатшының орынбасары Лю Чжэньмин БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті (ЭӘМД) Қазақстанмен ынтымақтастықта жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық мәселелер бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.

Еске сала кетейік, БҰҰ рейтингісінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту тұрғысынан әлемнің 193 елінің арасында 39-орынға ие.