19 нау, 2019 сағат 10:15

Асқар Мамин БҚО әкімінің жұмысын сынға алды

Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны төмен. Бұл туралы бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуы қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтай Сейдінұлы, сіздерде де тұрғын үйге салынатын инвестиция көлемі 55 пайызға азайған. Осы жылдың екі айының нәтижесі бойынша 30 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға аз», - деді Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Көлгіновке қарата.

Облыс басшысының айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 көппәтерлі тұрғын үй, яғни 2 704 пәтер және ауылдарда 440 пәтерлі 70 тұрғын үйдің құрылысы  жүріп жатыр. Осы мақсатқа 11,1 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына 8,7 млрд теңге және инженерлік коммуникация жүргізуге 2,4 млрд теңге бөлінген. 2 айдың қорытындысы бойынша қаражаттың игерілуі - 100 пайыз.

«2018 жылы 430 мың шаршы метр ел игілігіне берілсе, биыл 450 мың шаршы метр деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 2 айдың қорытындысы бойынша 109,5 пайызды құрады. Тұрғын үйді пайдалануға беру өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеді. Ол рас. Аз болуы биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты. 2 айда қалың қар жауып, боран соқты. Наурыз айында ауа райы жақсарды, құрылыс қарқыны қалпына келді. Жоспарланған құрылыс көлемі - 1-тоқсан қорытынысы бойынша 130 мың шаршы метр, яғни, 100 пайыз деңгейге жетеміз  деген болжам бар», - деді Алтай Көлгінов. 

Осы орайда Үкімет басшысы облыс бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша небәрі 181 жеңілдетілген кредит мақұлданғанын айтты.

«Бұл - республикалық көрсеткіштің 3 пайызы ғана», - деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде БҚО әкімі Үкімет басшысының барлық тапсырмасы орындалатынын айтып сендірді.

«Қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасымен 2 млрд теңгеге 180 пәтер тапсырылған. Бұл жұмыс тоқтаған жоқ. Алдағы уақытта жұмыс қарқынын күшейтеміз. Сұраныс бар, үйлер салынып жатыр, орындаймыз», - деді ол.