11 шіл, 2019 сағат 15:37

Асқар Мамин Арысқа сапарын қорытындылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы жұмыс сапарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыстағы жарылыстан бүлінген нысандарды тексеру қорытындысы бойынша Үкімет басшысының төрағалығымен кеңес өтті. Кеңес барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев тындырылған шаруалар туралы ақпарат берді.

«Қазір барлық секторда жөндеу жұмыстары қызған. Барлығы  676 үй қолданысқа берілді. Өңірлер бойынша айтсақ, Ақтөбе - 236, БҚО - 162, Нұр-Сұлтан - 80, СҚО - 47, Қызылорда - 41, Шымкент - 31, Жамбыл - 21, Ақмола - 18, Маңғыстау - 12, Қостанай - 12, Алматы - 9, Қарағанды - 5, Атырау - 2 үйде жөндеу жұмыстарын аяқтады. Әлі 3040 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысандарда 190 құрылыс компаниясынан 4 699 қызметкер мен 207 арнайы техника жұмылдырылған», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министр әлеуметтік нысандардың жағдайына да тоқталды. Жалпы қалада 66 әлеуметтік нысан бар. Оның 54-і білім беру, 8-і денсаулық сақтау, төртеуі спорт мекемелері.

«Әлеуметтік нысандардың барлығы бүлінген болатын. Олардың 62-сі күрделі жөндеуден өтіп, төртеуі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қаражатымен толық қалпына келтіріледі. Қазірдің өзінде 62 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.  53 білім беру, 6 денсаулық, 3 спорт нысанын жөндеуге 30 компаниядан 1372 құрылысшы мен 57 арнайы техника тартылған», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Алдағы аптада олардың қатарын тағы 600-700 жұмысшы толықтырмақ.

Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы 300 орындық мектепке барған болатын.

Арыстықтармен кездесу барысында Үкімет басшысы апта сайын Арысқа келіп, жөндеу жұмыстарын тексеріп тұратынын айтқан.

Кездесулердің бірінде үйі, дүкені және үш көлігі өртеніп кеткен тұрғын Үкімет басшысынан көмек сұрады.