Қазақстанда жеке инвестициялар қоры құрылады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан қазақстандық-америкалық бизнес форум барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құны 1 млрд долларды құрайтын Жеке инвестициялар қорын ашуды жоспарлап отырмыз. Шикізаттық сектордағы жобаларымызды кеңейтпекпіз. Сонымен қатар, АҚШ-тағы серіктестерімізді қорды қаржыландыруға және басқаруға шақырамыз. Бизнес-ахуалды жақсарту үшін жеке секторды экономикаға тартып отырмыз. Ірі компанияларымыз мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұстанымының арқасында жекешелендіріледі. Бүгінде біз мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларды табысты жүзеге асырудамыз. Сондықтан америкалық серіктестерді аталған жобалар мен бағдарламаларға қатысуға шақырамын», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы сауда-саттық жағдайы жасалып жатқанын және бұл экономикалық саясаттың басымдығы саналатынын баса айтты.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев басым бөлігін шетелдік компаниялардың өкілдері құрайтын Шетел инвесторлары кеңесінің жұмысына жеке өзі жауап береді. 2017 жылдың шілдесінде ашылған Астана халықаралық қаржы орталығы алдыңғы қатарлы технологияларға арқа сүйейді. Бұл - инвесторларды қорғау үшін негізгі институт. Ол Нью-Йорк, Лондон және Дубай қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін қамтиды. Оның үздік акционері - NASDAQ Goldman Sachs», - деді Асқар Мамин.
Айта кетейік, форум жұмысына АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс пен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, 20-дан астам америкалық компанияның басшылары, қазақстандық бизнес өкілдері, министрліктер мен ведомство басшылары қатысты.
Шара аясында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, авиақұрылыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын 8 екіжақты құжатқа қол қойылды.
Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс елімізге сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, сонымен бірге ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.