13 қаң, 2023 сағат 12:57

Қырғызстанда Асқар Ақаевқа қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Фото: dknews.kz

Қырғызстанда бұрынғы президент Асқар Ақаевтың үстінен қозғалған Құмтөр кенішін игеруге байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл жөнінде Қырғызстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, іс мерзімі өтіп кетуіне байланысты тоқтаған.

"Асқар Ақаевқа қатысты қылмыстық қудалау адамды қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі ескіргендіктен тоқтатылды", - деді Республика Бас прокуратурасының Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық басқармасының бастығы Асылбек Акматов.

Айта кетейік, Асқар Ақаев 1991-2005 жылдары Қырғызстан президенті болған. 2005 жылы 24 наурызда "қызғалдақ революциясы" кезінде Мәскеуге қашқан. Кейін отставкаға кетті.

2021 жылы Асқар Ақаев "Құмтөр ісі" бойынша тергеу органдарына жауап беру үшін Қырғызстанға екі рет ұшып келді. ҰҚМК сол кезде Ақаевқа 1992 жылы "Камеко" компаниясымен келісім жасау және 2003 жылғы "Құмтөрді" қайта құрылымдау мәселесі бойынша жаңа айып тағылғанын мәлімдеген. ҰҚМК өкілдерінің айтуынша, ол "жоғарыда айтылған қылмыстарды жасағанын толық мойындап, тергеу органдарымен ынтымақтастық орнатқан, ал оның елден кіріп-шығуы алдын ала тергеушімен келісіледі".