6 ақпанда Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өткен сенбіде түнде Нұр-Сұлтанға ұшып келген АҚШ мемлекеттік хатшысы "Майк Помпеоны қарсы алу" кезіндегі киімге байланысты сынға жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары АҚШ мемлекеттік хатшысын қарсы алған министрлік өкілдерінің "іскерлік этиканы" сақтамағанын сынап, олардың дипломаттардан гөрі "әуежайда шетел азаматын қарсы алған таксистерге көбірек ұқсағанын" айтқан еді.
Ержан Ашықбаев министрлік өкілдеріне айтылған сыннан хабардар екенін жеткізіп, дегенмен бұл мәселеде "сапардың мәніне көбірек назар аударған жөн болар еді" деді.
- Айтылған сын орынды деп айтамыз. Ауа-райының жағдайына байланысты киінді. Олардың ішінде мен де бармын. Сондықтан бұл мәселеде енді мәселенің мәнінен гөрі сәні алдыңғы жаққа шығып кетті. Сондықтан жасалған сапардың мәніне назар аударған жөн болар еді, - деді Ержан Ашықбаев.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық дипломаттардың Помпеоны қарсы алу рәсімін сынап, оларға "түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек" деп айтқан.
"Помпеоны қарсы алған дипломаттарға бәрі күліп жатыр. Олар таксистер сияқты - қара куртка, құлақшын киіп, қолдарын қалтаға салып тұрды. Ақ жейде, галстугы бар, пальтомен тымақсыз түскен Помпео жастардың жанында озық боп тұрды" деп жазды Айдан Кәрібжанов Facebook парақшасында.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "әрине, ауа райы бізде [қарсы алу] протоколын сәл өзгертуге мәжбүр ететін шығар, бірақ мемлекеттік хатшыны курткамен қарсы алмайды" деп қазақстандық дипломаттарға түсіндірме жұмыстары қажет екенін айтқан.
"Сыртқы істер министрлік өкілдеріне үлкен шенеуніктер түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек, мұндай жағдайда күңгірт түсті пальто кию керек. Помпеоның өзі пальтода болды" деп жазды Қазбек Бейсебаев Facebook-тағы парақшасында.
Қазақстаннан кейін Майк Помпео Өзбекстанға барған. Әлеуметтік желі қолданушылары Ташкентте Помпеоны "қажетті дәрежеде" қарсы алғанын атап өтті.