АШМ инспекторлары 61 тонна қауіпті дәнді дақыл, жидек, көкөніс және жемісті Қазақстан аумағына өткізуге тыйым салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен аптада Ауыл шаруашылық министрлігінің карантин жөніндегі мемлекеттік инспекторлары 60 тоннадан астам қауіпті импорттық дәнді дақылдарды, жидектерді, көкөністер мен жемістерді тәркілеп, кері қайтарды. Тауарлар елімізге Ресей Федерациясынан, Қытай мен Өзбекстан Республикасынан жеткізілген.
«22 тонна құрма мен мандариннен қауіпті карантиндік зиянкестер - қара цитрустық аққанат (Aleurocanthus woglumi Ashby) және Косток құрты (Pseudococcus comstocki (Kuwana) анықталды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылық министрлігінің карантин жөніндегі мемлекеттік инспекторлары қаптама таңбалары жоқ 26 тоннадан астам құрма, 4,4 тонна жүзім, 2,4 тонна қызанақ және 126 кг лимон, фитосанитарлық сертификатты жоқ 5 тонна бидайдың Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салды.
Сондай-ақ, Өзбекстаннан тыйым салынған өнімді қол жүгі арқылы өткізудің бірнеше оқиғасы тіркелген.
«Бір апта ішінде Түркістан, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарында жоғары фитосанитарлық қаупі жоғары өсімдік өнімдерін заңсыз жеткізудің 15 жағдайы анықталды. ҚР аумағына тасымалдауға тыйым салынған өнімдер Өзбекстан Республикасына, Ресей Федерациясына және ҚХР-ға кері қайтарылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.
Еске салсақ, ҚР Президенті Қ.Тоқаев шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Сонымен қатар, аталмыш заң күшіне енгеннен кейін ветеринария және фитосанитария саласындағы барлық бақылау-қадағалау функциялары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.