22 там, 2017 сағат 07:51

Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған театр фестивалі өтеді

2017 жылдың 9-13 қыркүйек аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан театрлар ассоцияциясы халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында халқымыздың біртуар тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының  XXV республикалық фестивалін өткізеді.

Фестивальдің негізгі мақсаты – бар ғұмырын театр өнеріне арнаған сарабдал сыншы, бірегей театр қайраткерінің шығармашылығын көпшілікке дәріптеу, соңынан қалдырған мұраларын жаңғырту, есімін ел есінде мәңгі қалдыру болып табылады.

Сондай-ақ Қазақстандағы театр өнерінің бүгінгі даму бағыттары мен көркемдік келбетін  зерделеп, өзара шығармашылық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтап, жаңашылдық үрдістерді дамыту, дарынды актерлер мен режиссерлерге қолдау көрсету – мақсат-мұратымызға айналып отыр.

Фестивальге  соңғы 2-3 театрлық маусымда тұсаукесері өткен және беделді театр сыншыларының жоғары бағасына ие болған, бұрын фестивальдерге қатыспаған үздік қойылыммен қатысуға еліміздің драма, музыкалық драма, музыкалық-комедия, сатира, балалар мен жасөспірімдер театрлары қатысады.

Фестивальдің ресми ашылуы 9 қыркүйек  күні сағат:17.00 «Жастар» театры сахнасында өтеді.

Фестивальге Республикалық – Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры,  Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана Жастар театры, Шығыс Қазақстан облысы «Дариға-ай» жастар театры, «Жас сахна» театрлары  қатысады. 

Бес күн бойы Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары фестиваль қойылымдарын Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, «Қазақстан» Орталық Концерт Залы және Жастар театры сахналарынан тегін тамашалай алады.

Фестивальдің ресми жабылу салтанаты 13 қыркүйек  күні сағат:18.00 «Астана Балет» театры сахнасында өтеді.