01 ақп, 2024 сағат 14:27

Әшімбаев музей атриумынан алынып тасталған Назарбаев мүсініне қатысты пікір білдірді

Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық музей атриумынан Нұрсұлтан Назарбаев мүсінінің алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kaiznform агенттігі.

Әшімбаев тілшілер сұрағына жауап беру кезінде Ұлттық музейден (Нұрсұлтан Назарбаевтың) ескерткіш алынғанын естімегенін айтты.

«Сіздерден естіп жатырмын. Біз пленарлық отырыста болдық. Жаңалықтарды әлі көрмедік. Енді ондай шешім қабылданса, Ұлттық музейдің басшылығының шешімі шығар деп ойлаймын. Сондықтан мұнда Ұлттық музейдің басшылығының ұстанымдарына сәйкес, ондағы экспозицияларды жаңартуға байланысты осындай шешім қабылдаған шығар. Сондықтан бұл мәселеге байланысты сұрағыңызды Ұлттық музейге жолдасаңыз дұрыс болады», - деді Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық музей атриумынан Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні алынып тасталды. 

«Ескерткішке келетін болсақ, бұл экспонат музей мүлкі болып саналады және атриум тұжырымдамасының өзгеруіне байланысты музей қорында тұрақты сақтауда болады. Музейдің дамуына қызығушылық танытып, оның іс-шаралары, акциялары мен көрмелеріне назар аударатын қазақстандықтардың, блогерлер мен журналистердің ұстанымы музей қызметкерлерін қуантады. Музей кеңістігінде болатын алдағы өзгерістер мен жаңартуларды және көрме залдарының көркемдік-стильдік шешімдерін қалың жұртшылық жоғары бағалайды деп сенеміз», - дейді Ұлттық музей өкілдері.