Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес жұмысының алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы бағыттағы бастамаларға тоқталып, Кеңес аясында жұмысын бастаған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ ол балалар құқығын қорғау мәселесінде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және еріктілердің қызметін үйлестірудегі партияның рөліне назар аударды.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев елімізде Президент тапсырмасымен әлеуметтік саланы дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халыққа көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік көмек түрлеріне назар аударды.
– Елбасының тапсырмасымен мемлекет тарапынан қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді оң шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы мен соңғы Жолдауында да халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілгені белгілі. Атап айтқанда, Жолдауда Елбасы баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету, тарифтерді шектеу, ең төменгі жалақы көлемін өсіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және тағы басқа да нақты мәселелерге назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс жүргізуде, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар бүгінде көп балалы отбасыларға қолдау көрсету ісінде де айтарлықтай жұмыс істелгеніне назар аударған партия Төрағасының Бірінші орынбасары өткен жылы тек республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалары бар отбасыларға қолдау көрсету үшін 311 млрд. теңге бөлінгенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік қолдаудың тек әлеуметтік жәрдемақылармен шектелмейтінін айтқан Мәулен Әшімбаев басқа да нақты көмектерге тоқталып өтті.
– Мұқтаж жандарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен өңірлерде тұрғын үй төлемдері, есептегіш құралдарын орнату төлемдері, мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылар үшін балабақшамен қамтуға байланысты төлемдер сияқты нақты қолдаулар бар, – деген партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай әлеуметтік көмектер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Шын мәнінде осындай іргелі істерге қарап, мемлекеттің бұл салада айтарлықтай жұмыстар атқарғанын аңғару қиын емес. Соған қарамастан Елбасының Үкіметке көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, әлеуметтік саланың одан әрі жақсартуды тапсырғаны белгілі. Сол мақсатта арнайы жұмыс тобы да құрыл. Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев жетекшілік ететін сол жұмыс тобында «Нұр Отан» партиясының да өкілдері бар.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев мемлекеттің мүмкіндігі шектеусіз емес екенін ерекше атап өтті.
– Алдымен мемлекеттің нақты мүмкіндігіне назар аударуымыз керек. Өйткені республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеусіз емес. Оның үстіне, көп балалы отбасылармен бірге қолдауға мұқтаж басқа да әлеуметтік топтар бар. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар, бала тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар, жұмыссыз, жоғары білімсіз жастар, жалғызбасты қариялар да мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Сондықтан көп балалы отбасыларға қолдау көрсетудің басқа да тиімді жолдарын қарастыруымыз қажет. Яғни тек әлеуметтік жәрдемақымен шектелмеу керек. Ол қолдаудың тек бір бөлігі ғана, – деген Мәулен Әшімбаев одан басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылатын түрлі тетіктерге көңіл бөлді.