26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаеваны зорлады деп айыпталған Бесик Тордуа клиникада қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Mtavari Arkhi телеарнасына сілтеме жасап.
Оның адвокаты Лаша Шукакидзе бұл ақпаратты растады және оның клиенті бір апта бұрын пенитенциарлық мекемеден ауруханаға жатқызылғанын айтты.
Қорғаушысы айыпталушымен кездескісі келгенде, оған Тордуа ес-түссіз күйде екенін айтқан.
"Дәрігерлер Тордуаның басынан қан аққанын айтты", - деді айыпталушының адвокаты.
Ер адамның өлімнің нақты себебі әлі белгісіз.
26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Грузиядағы үйінің терезесінің астынан өлі табылды. Бойжеткен ол жаққа көлік сатумен айналысатын автосалонға жұмысқа кеткен. Қайтыс боларының алдында қыз өзін мазақ етіп, қорқытқанын айғақтайтын аудио жіберген.
Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сонымен қатар осы күдікпен Грузияда 57 жастағы Бесик Тордуа да қамауға алынды. Бойжеткен туыстарының үйінен кетіп, ер адамның үйіне тоқтаған. Оған қазір "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша да айып тағылды. Алайда марқұмның отбасы істі "кісі өлтіру" бабы бойынша қарау керек деп отыр.
Қазақстан Грузияға тергеу тобын жіберді. Кей мәлімет бойынша, Әсел адам саудасының құрбаны болған.
Тергеу барысын Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова өз бақылауына алды.
