16 нау, 2018 сағат 11:26

Асанов: Сот шешімін түсіндірсек, Астанаға түсер шағым анағұрлым азаяр еді

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов сот шешімдерін азаматтарға түсіндірудің қаншалықты пайдалы екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз 2018 жылдың 15 қаңтарынан бастап республика бойынша пилоттық жоба бастаған едік. Осы пилоттық жоба аясында судьялар өзінің шешімін, үкімін немесе қаулысын жариялаған кезде азаматтарға оны бірден түсіндіретін болған. Осы пилоттық жобаның басталғанына екі айдай уақыт болып, бір айдың қорытындысын қазір талдап отырсақ, осы аралықта 7347 сот шешімі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Сол істердің ішінде тек 142 іске қатысты шағым түскен. Бұл - істердің 1,9 пайызы ғана. Бұл - біз үшін арман. Бізде 10-нан, тіпті кейбір категориялар бойынша қайта шағым түскен істердің үлесі 20 пайызға жетіп жатады. Демек, адамдар сот шешімін, тіпті жеңіліп қалған күннің өзінде, түсінгеннен соң ешқандай қарсылықсыз қабылдайды», - деді Асанов Жоғарғы Соттың бүгінгі жалпы отырысында.

Жоғарғы Сот төрағасы, сонымен бірге, нақты мысалдарды келтірді.

«Мәселен, СҚО соттарында 274 сот шешімі түсіндіріліп, 1 сот шешімі бойынша ғана қайта шағым түскен. Ал енді қараңыз, сот шешімі түсіндірілгеннен кейін Ақмола, БҚО, ОҚО облыстарында бірде-бір іске қатысты шағым түспеген. Біз әрбір істі кәсіби түрде түсіндіретін болсақ, онда жоғарғы инстанцияға, әсіресе Астанаға түсетін шағымдардың анағұрлым азаятынына сенімім кәміл. Сол кезде Жоғарғы сот кассациялық деңгейде істердің бәрін қарап, барлық кедергілерді жояр еді», - деді Жақып Асанов.

Еске сала кетсек, Жоғарғы Соттың бүгінгі отырысында сот шешімін құрастыру әдісі бойынша нормативтік қаулының жобасы таныстырылды.