ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы Ерлан Біләлдің отбасы актердің пара алып жатқан жерінде түсірілген суреті деп таратқандарды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Тengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазір мұнымен адвокат айналысып жатыр. Жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері ресми түрде суретті ешкімге бермегенін жариялады. Кез келген заңға бағынған азамат мұндай суреттерді таратпауы тиіс. Себебі тергеу құпиясы деген бар. Таратушыларды тауып, жазалау керек. Бұған, әрине, уақыт керек", - деді Алматыда өткен баспасөз конференциясында әртістің жанұясына дос болып келетін белгілі режиссер Асхат Маемиров.
Баспасөз конференциясында өнер саласындағы зиялылар қатысты. Олар Ерлан Біләлдің табысы жайлы және театр директоры қызметінде қандай болғаны жайлы айтты.
"Бүгін өнер саласындағы зиялылар, жазушылар, драматургтар, режиссерлар мен театр қызметкерлері жиналды. Біздің театрымызда болған оқиға - сүреңсіз жағдай, бұл барлығымызды алаңдатады. Себебі мұнда істеген жас директор, екі жарым жыл осы қызметте болды және осы уақыт ішінде біздің дамуымыз, гастрольдік сапарларға шығуымыз - ол барлығын да өзінің таза еңбегімен тапты. Мұндай жағдай орын алғанына жабырқаулымыз. Менің айтпағым, бұл істе оны ғана емес осыны ұйымдастырғандарды жазалау керек. Оның осынша қаражатты алғаны - дұрыс емес, ол жазасын алады. Біз қазір оның кім екенін, қандай адам екенін айтқымыз келеді, біз айтпасақ кім айтады? Кез келген адаммен осындай жағдай болуы мүмкін, меніңше, бұл - кездейсоқтық. Осылай болды, адамның да сүрінетін кезі болады. Бір реттік жағдай - оның бүкіл ғұмырына сабақ болады. Келесіде ол образдарды шығару кезінде оған осы көмектеседі", - деді Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Қазақстан еңбек ері, ҚР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Шығармашылық интелегенция өкілдері сот үкімі шыққанға дейін асығыс шешім шығармауға және кінәсіздік презумпциясын сақтауға шақырды.
"Қазақстан мәдениетінде Ерлан Біләлға ыңғайсыз жағдай болды. Мен ұзақ уақыт шығармашылық адамдарымен араласып келемін, 2017 жыл "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру жылы болды. Лондонда болдық, Жапонияға гастрольдік сапарлар болды. Қазақстанда талантты актерлер мен театр барын таныды. (...) Бұл Ерланның ғана емес, бәріміздің қайғымыз. (...) Бәрі обьектив болғанын қалаймын. Қазыналық органдар айналыссын, оны жоғалтқымыз келмейді", - дейді Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының жетекшісі Любовь Ли.
"Меніңше, талантты адам аңғал әрі қорғансыз. Ерлан дәл сондай. (...) Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, барлық актер, ақындар мен жазушылар бұл жерге бекер жиналмады. Олар өнердегі жолдастарын қорғауға жүрек қалауымен келді. Бұл өте ұнамсыз жағдайда барынша обьективті болуға шақырамын", - дейді Қазақстанның жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Өз кезегінде, елімізге белгілі актриса Күнсұлу Шаяхметова бұл жағдайды өнерге жасалған қиянат деп атады.
«Жаным ауырып, буынсыз жерге пышақ ұрған сәтте елім дейтін ердің арқасына тиген қамшысына арқасын төсейтін қандастарының жоқтығы менің жаныма батты. Мен екі театрдан да қуылған баланың бірімін, жесе таяқты жеген баланың бірімін. Өнерге қиянат жасалып жатыр, ағайын, бірақ, ешкімді де табаламаймын. Осы жағдайды естіген кезімде, екі туып, бір қалғаным емес, театрда да керемет жағдайымды жасады деп айта алмаймын, бірақ мен мұнда шындық іздеп келіп отырмын. Бұл – қасақана өнерге жасалған қиянат деп білемін», - дейді актриса.
5 қаңтарда жемқорлыққа қарсы қызметтегілер М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Ерлан Біләлдің Жаңа жыл кезінде балаларға қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сол кезде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин: "Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", - деп мәлімдеген еді.
Ерлан Біләл 2015 жылдың 27 сәуірінен бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры қызметінде болған еді. Директор болған кезде ол Қазақ хандығының 550-жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізіп, сондай-ақ, Астанадғы EXPO 2017 көрмесі кезінде гастрольдер ұйымдастырған. Онымен қоса, Ерлан Біләл театрдың 90-жылдығын жоғарғы деңгейде атап өткен-тін.
2017 жылдың желтоқсан айының соңында Әуезов театры Ерлан Біләлдің бастамасымен ҚР Президентінің "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында Токиоға аттанды. Жапонияда көрсетілген "Ақтастағы Ахико" спекталі мыңдаған адамды жинады, сондай-ақ, Жапонияның жергілікті театр сыншылары да бұл қойылымды жоғары бағалаған еді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты Біләл Ерлан Әбділдаұлы 1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дүниеге келген.
1993 жылы Қазақ Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. Осы жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды.
2011 жылы 12 қыркүйегінен бастап М. Әуезов театры директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2014 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған. 2015 жылы 27 сәуірінен бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры.
ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты (2002 жылы), ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2007 жылы), Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының аға оқытушысы (2008 жылы).