Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры 2017 жылғы 25–30 желтоқсан және 2018 жылғы 3–9 қаңтар аралығында балаларға арнап жаңа жылдық ертеңгілік ойын-сауық ұйымдастырып отыр.
Ертеңгіліктер «Асан мен Үсен жаңа жыл мерекесінде» деген жалпы атпен өтуде. Бұл мерекелік ойын-сауықтар Алматы қаласындағы барлық бүлдіршіндер мен төменгі сынып оқушыларына, соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен, ата-ананың мейірімі мен қамқорлығына зәру балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған. 25 желтоқсанда өткен алғашқы ертеңгілік осы соңғы мақсатқа сай орайластырылды. Театр өнерпаздарымен бірге жалпы саны 200-ге жуық бүлдіршін жиылып «Асан мен Үсен» қойылымы арқылы ертегілер еліне саяхаттады. Өз кейіпкерлерінің бейнесін қалтқысыз сомдаған әртістермен қатар балалар да қойылымға белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Өздерін ертегі кейіпкерлеріндей сезініп, әсерлі де әдемі көріністің шығуына атсалысқан жас өрендер қойылым соңында демеушілер атынан әзірленген жаңа жылдық сыйлықтар алды. Балаларының өнерін тамашалап, қуанышымен бөліскен залдағы көрермен театрда алғаш ұйымдастырылып, жаңа леппен келген қазақы қойылымның куәсі болды. Ойын-сауық соңы балаларға арналған көңілді мультипликациялық қойылымға ұласты.
Театрдағы ертеңгіліктердің және бір ерекшелігі – үйреншікті таптаурын қалыптан тыс, қазақы нақыш дарыта отырып ұйымдастырылуы, яғни олар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, өскелең ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіруді және қазақы салт-дәстүрлерді насихаттауды көздейді.
Желтоқсанның аяқ шенінде Жаңа жылды қарсы алу христиандардың діни мерекесінен шыққан деп санау – қате көзқарас. Бірқатар этнограф-тарихшылардың дәлелдеуінше, бұрын қыпшақтарда да шырша мерекесі болған, яғни Жаңа жыл – көшпелілердің де байырғы мейрамы десек қателеспейміз. Сонымен қоса діни тұрғыдан келгенде Иса пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні болып саналатын қаңтар айының алғашқы күндерін атап өту де мұсылман жұртына шет емес. Ал көз қуанышымыз, балаларымызға арнайы әзірленген мұндай шараның өскелең ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымы зор болары сөзсіз. Біздің қоғамға кәдуілгі шырша маңындағы Аяз Ата мен Ақша қар әңгімесінен гөрі қазақ ертегісі кейіпкерлерінің бейнесі керек-ақ.
Атап өтер болсақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан жаңажылдық шырша күндері театр өнерпаздары Аяз Ата, Қар қызы, Асан, Үсен, Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқ, Мыстан, Әтеш пен Ит сияқты қазақ ертегі кейіпкерлерін елімізде алғаш рет сомдап, жаңа жылдық хикаялар ретінде ұсынады, ән шырқалып, би биленеді, қызықты ойындар ойналып, сыйлықтар беріледі. Оның сыртында Аяз атаның балаларға арналған отандық мултипликациялық қойылымы бар. Тағы бір айта кететін жәйт – ертеңгілік кезінде жиылған балалардың өздері сахнаға шығып, театр әртістерімен бірге өнер көрсете алады.
Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы, айтулы да ғажайып мерекелердің бірі. Ол бала күннен біздердің танымымызда сиқырлы, әрі қайталанбас ғажайып мерекеге айналған.
Құрметті алматылықтар, қала қонақтары, баршаңызды ақсарайлы «Алатау» театрына ұлттық өрнекпен әдіптелген ертеңгіліктерді көруге шақырамыз! Балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгілікке қатысушылар саны күннен күнге артуда. Әрине, бұл алатаулықтарға қуаныш сыйлап, театр өнерпаздарын қанаттандырады.
Естеріңізге тағы сала кетейік, ойын-сауық 2018 жылғы 9 қаңтарға дейін мына мекен-жайда жалғасатын болады: Алматы қ., «Алғабас – 1» ықшам ауданы, 6 үй («Аlmaty Arena» кешенінің жанында). Ақпарат үшін байланыс тел.: 8 (727) 398-62-44, 8701 645 91 86
Гүлмира Асылбекқызы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры