20 сәу, 2018 сағат 16:14

Асад Францияға Құрмет легионы орденін қайтарып берді

Сирия президентінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған сурет. Сирия Сыртқы істер министрлігінің өкілі Дамаскідегі Румыния елшілігіне Құрмет легионының кавалері орденін қайтару сәті. 19 сәуір 2018 жыл.

Сирия президенті Башар Асад Францияға 2001 жылы өзі марапатталған Құрмет легионының кавалері орденін қайтарып берді.

Сирия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде орден төсбелгісі Дамаскідегі Румыния елшілігіне тапсырылғаны айтылады. Румыния елшілігі сонымен қатар Сириядағы Францияның да мүддесін қорғайды.

Асадтың айналасындағы дереккөздері AFP агенттігіне Сирия президенті орденді Францияның 14 сәуірде Сириядағы нысандарға зымыранмен соққы беруге қатысқанына қарсылық ретінде қайтарғанын айтты. Асад Францияны "Американың құлдығына түскен мемлекет" деп атаған. АҚШ, Ұлыбритания мен Франция ол соққыны Сирия армиясының ықтимал химиялық қару қолданғанына жауап ретінде жасаған.

Ал 16 сәуірде Франция президенті Эммануэль Макрон Париж Асадты орденмен марапаттауды қайта қарай бастағанын хабарлаған.

Асад 2001 жылы әкесінің өлімінен соң Сирия билігіне келгеннен көп ұзамай Құрмет легионы орденінің кавалері атанған. Франция жыл сайын бұл наградамен бірнеше жүз шетелдікті марапаттайды. Ресей президенті Владимир Путин де орден кавалері атанған.