21 жел, 2020 сағат 11:20

Арзан брендті телефон: Елордалық бойжеткендер интернет-алаяққа алданды

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында интернет желісінде онлайн-сауда жандана түсті. Сыйлықтарға сұраныстың артқанын байқаған алаяқтар да алдап-арбаудың жаңа түрлерін ойлап табуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәселен, елорда полициясына қала тұрғындарынан бірнеше шағым түсіп үлгерген. Қыз-келіншектер әлеуметтік желі арқылы брендті ұялы телефондардың соңғы үлгілеріне тапсырыс беріп, жеткізу қызметі үшін де ақы төлеген. 

«Жаңажылдық жеңілдіктер көрсетілген көзтартарлық аккаунт елордалық бойжеткендердің назарын өзіне аударған. Алаяқтың электронды әмиянына алдын ала төлем жасаған олардың барлығы да тауардың бар-жоғына көз жеткізбеген. Әмиянға ақша түскеннен кейін аккаунт бұғатталып, ал электронды әмиян идентификацияланбай қалған. Осылайша зардап шегушілер ақшасыз да, сыйлықсыз да қалып отыр», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен. 

Тергеу амалдары барысында полиция қызметкері Алматы қаласында тұратын Ресей азаматшасын ұстады. Әйелдің ұялы телефондар сатумен айналысуға ниеті де болмаған. Ал аккаунтты алдау мақсатында ашқан. Зардап шегушілерден түскен ақшаны қажетіне жаратып үлгерген. 

Қазіргі уақытта зардап шегушілердің нақты саны анықталуда. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынған. Жалпы материалдық шығын 600 мың теңге мөлшерінде бағаланып отыр. 

Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарға мынадай қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береді: 

- видеобайланыс арқылы тауардың бар екендігіне көз жеткізу қажет;

- төлемді тауарды қолға алып, оны тексергеннен кейін ғана аудару керек. 

Интернет-саудадағы алаяқтықтың белгілері:

- сатушының телефоны мен мекенжайы көрсетілмейді;

- сатушымен байланысты тек жазба арқылы жүргізуге ұсынады;

- тауар бағасы өзге сатушылар ұсынған дәл сондай заттың бағасымен салыстырғанда тым төмен болады.