Елбасы Н.Назарбаев шикізатқа тәуелділіктен құтылып, бюджет қоржынын өзге салалармен, атап айтқанда туризм кластерін дамыту арқылы толтыруды міндеттеген болатын. Соңғы жылдары осы бағытта көптеген шаруалар қолға алынып жатыр. Бүгінгі таңда Арыстанбаб және Отырартөбенің айналасын абаттандыру жұмыстары басталды.
Бүгін Отырар ауданына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы іссапармен келіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар :рухани жаңғыру» мақаласы аясында Отырар қалажұрты маңынан салынғалы жатқан «Отырар қалажұртының сапар-орталығына» «аманат хат» капсуласын орнату рәсіміне қатысты.
"Біздің мақсатымыз Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындап, тарихымыз бен мәдениетімізді әлемге паш ету. Бүгінгі шарамыз Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи өлкені шетелдіктерге танытудың басы болмақ", - деген Арыстанбек Мұхамедиұлы Арыстанбаб пен Отырартөбені жалғап тұрған 17 га жерде салынатын нысандардың жобаларымен де танысты.
Мұнда сапар орталығынан бөлек әртүрлі нысандар бой көтермек. Олардың қатарында этно орталық, жоғары дәрежелі 60 орындық қонақ үй, сквер сынды көптеген жаңа жобалар бар. Бұл нысандардың құрылысына бюджет қаржысымен қатар жеке инвесторлар да тартылмақ. Осы нысандар пайдалануға берілгенде туристердің Отырар тарихымен толық танысуына мүмкіндіктері болады.
Бұдан соң министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырартөбедегі қазба жұмыстарымен танысып, қайта жаңғырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20-жылдығы аясында «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасының «Жаңа Жібек жолы» бағдарына қатысушылар Алматы және Жамбыл облыстарындағы көрікті және тарихи орындарды аралап өтіп, Түркістан облысындағы тарихи орынға келіп жеткені белгілі. Киелі өлкелерді ай көлемінде аралап шыққан ұлы мұратты саяхатшыларды Отырар ауданында қарсы алған Арыстанбек Мұхамедиұлы "Ұлы Дала Eліне саяхат" экспедицясының аяқталуымен құттықтады.