20 жел, 2017 сағат 13:10

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Константин Эрнст келісімшартқа қол қойды

19 желтоқсанда Мәскеуде  ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен "Бірінші арна" АҚ бас директоры Константин Эрнст арасында өткен келіссөздер аясында теледидар жəне кино индустриясын дамыту жолында ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Достар, Мəскеуде "Бірінші каналмен" теледидар жəне кино индустриясын дамыту жолында ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойдық. Келіссөздер барысында қол жеткізген ынтымақтастықтың келешегі зор. Бағамдап көріңіздер. Біз бірлесіп екі телесериал түсіретін болдық: бірі - Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда жұмыс істеген Орталық бірлескен киностудия туралы болса, екіншісі - Астанаға айналған Целиноград тарихы жайында. Екі жобаны да қаржыландыру 50/50 болады, сериалдарды "Бірінші канал" эфирінде көрсетеміз (бұл - 190 елдегі 250 миллион көрермен), ал ең бастысы - тең құқықты жағдайда халықаралық прокатқа шығуымыз", - деп жазды министр фэйсбуктағы парақшасында.


Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы осыдан бұрын да Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы арқасында дүниеге келген жоба - "28 панфиловшылар" көрермен ықыласына бөленіп, Ресей Федерациясының үздік фильмі болғанын атап өтті.

Өз кезегінде, "Бірінші арна" АҚ бас директоры Константин Эрнст қазақстандық журналистерге берген сұхбатында, қол жеткен ынтымақтастық келісім аясындағы алғашқы жоба - екі сериал екендігін айтқан.

"Ресей мен Қазақстан арасындағы терең достық қарым-қатынасты жалғастыра отырып, біз екі жоба өндірісі бойынша шарт жасастық. Бірінші сериал кеңестік кинематографияның Алматыға эвакуациясына арналған. Онда басты кейіпкерлер Сергей Эйзенштейн мен өзге де аса көрнекті кинематографистер болады. Ал екінші жоба - Астана мерейтойы жөніндегі өндірістік сериал", - деді Эрнст.