ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанға әлемдік ірі киноөндірушілерді тарту мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қадам туризм мен экономиканың басқа да салаларын дамытуға, сондай-ақ инвестициялар тартуға оң ықпал етеді.
«Голливудте Universal Studio америкалық кинокомпанияның жақсы тәжірибесі бар. Яғни қосымша ойын-сауық қызметі есебінен жыл сайын 1 миллиард туристі және жүздеген миллиард доллар инвестицияны тартады», - деді министр Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Кинематография туралы» заң жобасын таныстыру кезінде.
А. Мұхамедиұлының атап өтуінше, Қазақстанда алдыңғы қатарлы киноөндірушілермен ауқымды туындыларды түсіру үшін барлық жағдайлар бар.
«Біздің басымдығымыз - ол бірінші кезекте саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім, бірегей ландшафт», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде министрлік «Warner Bros. Entertainment», «Motion picture», «20th Century Fox», «NBC Universal», «The Walt Disney Company», «Paramount Pictures Corporation» және басқа да компаниялардың басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Атап айтқанда, «Кинематография туралы» заң жобасы тиісті қолайлы жағдайлармен қабылданғаннан кейін, АҚШ-тағы, Үндістандағы, Түркиядағы және басқа да елдердегі серіктестеріміз Қазақстан аумағында кино түсірілімдеріне кірісуге дайын тұр», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.