Сурет: gov.kz
Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Ұлттық музейінің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына (ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі) және басқа да адамдарға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.
Жүргізіліп жатқан тергеу аясында А. Мұхамедиұлымен және басқалармен сөз байласып, «Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 миллион теңге сомасында сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлауға қатысқан «ҚР Ұлттық мұражайы» РМҚК директорының бұрынғы орынбасары А.Ш. Нұразхан ұсталды" - делінген хабарламада.
Алмаз Нұразхан Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынған.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, 17 қаңтарда Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі тағы бір айға ұзарған болатын. Ол 2022 жылғы наурыздан бері қамауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағып отыр.