27 қыр, 2019 сағат 13:49

Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 2 сапер ауруханадан шықты

Арыс қаласындағы төтенше жағдайды жою барысында зардап шеккен екі әскери қызметші Әскери-клиникалық госпитальден шығарылып, Алматыдағы өздерінің әскери бөлімдеріне орналастырылды. Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Медициналық мекеме мәліметінше, емделушілер әскери-дәрігерлік комиссиядан өткен. Қазіргі кезде олардың жағдайы жақсы. Госпитальдан шығарылған әскери қызметшілер толықтай қалыпқа келгенге дейін әскери қызметтік міндетінен босатылды.

Қазіргі кезде қалған 8 әскери қызметші Алматы қаласындағы әскери госпитальде ем алып жатыр. Әскери дәрігерлер олардың жағдайын бірқалыпты деп бағалауда. Әскери-клиникалық гопиталь бастығы, медициналық қызмет полковнигі Самат Сәрсеновтің айтуынша, қажетті аспаптық зертханалық-диагностикалық тексерулер жүргізіліп, жоспарлы ем қабылдау жалғасуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 қыркүйекте арнайы топ Арыс қаласынан 60 шақырымда орналасқан арнайы-жабдықталған полигонның аумағында шетел сарапшыларының нұсқаулары мен ұсынымдарына сәйкес, жоспарлы жару жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында жарылыс шұңқырының түбінде қол гранатасының тұтандырғыш бөлігінде жарылыс болды.