18 қар, 2021 сағат 09:24

Арыс тұрғыны Facebook желісінде терроризмді насихаттайтын жазбалар таратқан


Түркістан облысының полицейлері тыйым салынған материалдарды таратқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни-экстремистік бағыттағы идеологияны насихаттайтын тыйым салынған материалдардың интернетте таралуының кезекті жайтын анықтап, оның жолын кесті. 

Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманбек Сахов жеткізді. 

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Facebook парақшаларының бірінен белгісіз адамдардың тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның идеологиясын насихаттайтын бейнероликтер мен мәтіндік хабарламалар жариялағанын анықтады. 

Аталған материалдар департаментте тіркеліп, сараптамаға жолданды. Нәтижесінде сарапшылар бұл материалдарда терроризм мен экстремизмді насихаттаудың белгілері бар екенін растады. Осыған байланысты біз ҚР ҚК 256 -бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді бастадық.

Тексеру аясында Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері мен Түркістан облысы бойынша ҰҚКД бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті ретінде Арыс ауданының тұрғынын ұстадық. Ұсталған ер адамның бұрын деструктивті-діни ағымның жақтаушысы және сотты болғанын анықтадық. 

Оның үйін тінту кезінде біз әртүрлі компьютерлік техниканы, тыйым салынған діни әдебиеттер, ұялы телефон мен дискілерді тәркіледік. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде істің мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр», - деп атап өтті полиция подполковнигі Құрманбек Сахов. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ҚР заңнамасымен тыйым салынған діни-экстремистік бағыттағы материалдарды, оның ішінде әлеуметтік желілерде таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. 

Егер сізде осындай құқық бұзушылықтар туралы қандай да бір ақпарат болса, тез арада полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.