24 мау, 2019 сағат 19:59

Арыс тұрғындары 4 бағытта эвакуациялануда

Арыс тұрғындары 4 бағытта эвакуациялануда. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Арыс қаласының тұрғындарын эвакуациялау төрт бағытта жүргізіліп жатыр: Шымкент қаласы, Монтайтас елді мекені (30 шақырым), Қабылсай елді мекені (25 шақырым) және Шағыр елді мекені (35 шақырым). Шымкент қаласында 15 эвакуациялық бекет құрылып, оларға 170 адам жеткізіліп, орналастырылды.  Монтайтас елді мекенінде 904 адам тіркелген, эвакуацияланған халықты тіркеу (халық тіркеу үшін 3 жедел топ құрылып, жіберілді) жалғасып жатыр", - деді ол.

Оның дерегінше, халықты эвакуациялау жұмыстарына Түркістан облыстық, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар қызметі, полиция департаменттері мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Эвакуацияланған халыққа ауыз су жеткізіліп жатыр. Арыс қаласы тұрғындарын құлақтандыру үшін 2 хабарландыру жүйесі іске қосылған.

Арыста полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қорғау және эвакуацияланған халықтың дүние-мүлкін қорғауға жұмылдырылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиға орын алған жерді оқшаулау жұмыстарын жүргізіп, халықты Арыс қаласынан шығару шараларына да қолғабыс тиігізіп жатыр. Мұнан бөлек, Арыстағы қоғамдық тәртіпті қорғауға Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясы әскери бөлімінің 500 жауынгері жіберілген. Төтенше оқиға орын алған жерге ІІМ мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 1000 маманы мен 160 техникасы шоғырландырылған. Тараз қаласының ТЖК "Қазавиақұтқару" АҚ-ның Еврокоптер ЕC-145 тікұшағы да қажет кезде көмек көрсетуге дайын тұр.


"Азаматтық қорғаныс күштерінің іс-қимылдарын үйлестіру үшін оқиға орнында ҚР ІІМ ТЖК төрағасы, генерал майор В.Беккер, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының  бірінші орынбасары-штаб бастығы А.Қаскеленов, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары полковник К.Нұрмағамбетов жүр", - деді Н.Нұрахметов.

Ресми өкіл дерегінше, республика бойынша арнайы құрылған қауырт желіге халықтан 878 қоңырау, оның ішінде  ТЖК штабы қауырт желісіне 28 қоңырау түсіп, олар дер уақытында Шымкент қаласындағы ТЖД штабына берілген.

"Арыс қаласында орын алған оқиға байланысты Түркістан облысында қауырт желі жұмыс істеп тұр: Шымкент қалалық ТЖ департаментінде 8(7252)44-94-72, 35-33-66, Түркістан облыстық ТЖ департаментінде: 8(7253)35-83-02, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде  8(7172)53-32-84, 53-32-79. Аталған нөмірлер арқылы өзіңізге қажетті ақпараттарды тәулік бойы ала аласыздар", - деді ол.