Парламент Сенатының жалпы отырысында Арыс қаласындағы нысандарды қалпына келтіруге қанша қаржы бөлінетіні айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жалпы отырыс барысында сенатор Әли Бектаев Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ескеріліп отырғанын айта келе, осы қаржының қай бөлігі Арыстағы төтенше жағдай салдарын жоюға жұмсалатынын сұрады.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Арыс қаласына қажетті қаржы бойынша алдын ала есептеулер жүргізілгенін атап өтті.
«Арыс қаласы бойынша 1 шілдедегі алдын ала есептеулерге сәйкес, 34,5 млрд теңге керек. Соның ішінде әрбір тұрғынға 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу үшін 4,5 млрд теңге ескерілген. Осы орайда Үкімет резервінен 2 млрд теңге, Түркістан облысы бюджетінен 1 млрд теңге және қайырымдылық көмек есебінен 1,5 млрд теңге қамтылған», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 7 709 тұрғын үйді қалпына келтіру қарастырылған. Соның ішінде 49 үй қираған.
«19,2 млрд теңге керек. Оның 50 пайызы басқа өңірлердің бюджеті есебінен болады, ал қалған 50 пайызы Үкімет резервінен бөлінеді. 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 млрд теңге керек. Бұл тұрғыда 54 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт нысаны қамтылады. 6 млрд теңгесін «Самұрық-Қазына» қоры бөледі және 1 млрд теңге бизнес қауымдастықтан келеді», - деп түсіндірді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сумен және электр қуатымен, жылумен жабдықтау инфрақұрылымын жөндеу үшін 2,2 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінеді. Әкімшілік 34 ғимарат үшін 1,7 млрд теңге керек, ол да Үкімет резервінен бөлінеді.
«Нәтижесінде, Үкімет резервінен 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 10,6 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» қорынан 6 млрд теңге, демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен 2,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Дегенмен, барлық тексеру және есептеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұл цифрлар өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге, Арыс қаласының шағын және орта бизнесі үшін «Бәйтерек» холдингі тарапынан алты айлық жеңілдік кезеңімен 48 айға дейін бір пайыз мөлшерлеме бойынша 5 млн теңгеге дейін жеңілдік несие берілетін болады», - деді ол.