28 мау, 2019 сағат 09:43

Арыс балалары елордада Димашпен кездеседі

Елорда әкімдігі Арыстан Нұр-Сұлтан қаласына келетін балаларға кешенді саяхат бағдарламасын дайындап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимовтың айтуынша, елордаға келетін арыстық балалардың алғашқы легін әкімдік өкілдері дүйсенбі күні қарсы алмақ.

«Алғашқы  200 баланы Димаш Құдайбергеннің концертіне апарамыз деп жоспарлаған едік. Теміржол байланысындағы кедергілерге байланысты олар дүйсенбіде ғана келетін болды. Дегенмен, олар сүйікті әншілерімен кездеседі. Алдын ала келісім де бар.  Сондай-ақ, балалар Ержан Максиммен де кездеседі. Жалпы елордаға келген әрбір арыстық бала үшін бұл сапар есте қалар естеліктерге толы болады» дейді әкімдік өкілі.

Шаһар басшысының орынбасары Арыстан келетін балалар үшін түрлі концерттер мен байқаулар, саяхаттар, танымал спортшылармен сұхбаттар ұйымдастырылатынын да атады.   

«Біз шақырып отырған 500 баланың көбі 6,7,8 сынып оқушылары. Олардың бәріне жаңа оқу жылына қажет құралдар сыйласақ деп отырмыз. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 1000 баланы шақырып отыр. Онда негізінен 9, 10, 11 сынып оқушыларын әкелу жоспарланған. Балалар университет жатақханаларында орналасып, мамандық таңдау бойынша пайдалы ақпарат алып қайтатын болады» дейді Ерлан Каналимов.

Еске салсақ, бүгін елордадан 80 тонна гуманитарлық көмек жолға шықты.