30 қаң, 2018 сағат 18:08

Артаев: Головкин жеңіске жете алмайды-ау деген күмәнім бар

Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Prosports.kz сайтына берген сұхбатында WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық  былғары қолғап шебері Сауль "Канело" Альварес арасындағы екінші жекпе-жекке болжам жасады. 

Айта кетейік, бүгін Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамыр күні өтетіні ресми түрде жарияланды.

Бақтияр Артаевтың ойынша, екінші жекпе-жекте Головкинге қиын түседі және кездесуде ешкім күтпеген нәтиже тіркелуі мүмкін:

— Қарымта жекпе-жекте ешкім күтпеген нәтиже болуы әбден мүмкін. Менің ойымша, қос боксшы тағы да тең түсетін секілді. Гена ұтылып қалады деп айтқым келмейді, сол себепті тең түсуі қажет.

- Алғашқы жекпе-жекте төрешілердің "бір бүйрегі" Альвареске бұрғаны шындық. Алдағы кездесу осы жағдай қайталануы мүмкін бе?

— Екінші жекпе-жекте төрешілер кеткен қателікті қайталай қоймас. Головкинге олардың тарапынан қысым болмайды.

- Көптеген бокс мамандары Головкин "Канелоны" тек нокаутпен жеңе алады, егер қос боксшы тең түссе жеңісті мексикалыққа беруі мүмкін дейді. Сіздің пікіріңіз?

— Шынымды айтсам, оны болжау қиын. Бұл – бокс. Шаршы алаңға екі мықты шыққанда нокауттың бола қоюы екіталай. Осы жолы да алғашқы жекпе-жектегідей нокаут бола қоймас. Ешкім күтпеген нәтиже – қос боксшы тең түседі.

- Мықты - мықты деу керек. "Канелодай" мықты қарсыласты жеңуге Головкиннің қандай мүмкіндігі бар?

— Шынымды айтсам, Головкинге бұл жолы жеңіске жету қиынға соғады. Тең түсуі мүмкін, бірақ жеңіске жете алмайды-ау деген күмәнім бар.

- Үшінші жекпе-жектің өтуіне қалай қарайсыз?

— Үшінші кездесу қызықсыз болып қалады. Жанкүйерлер менің ойымды дұрыс түсінбей, дұрыс қабылдамай, көре алмайды деуі мүмкін. Бірақ, біз, бокс маманы ретінде объективті түрде қарауымыз қажет.