22 там, 2023 сағат 14:37

"АрселорМиттал Теміртаудың" ресейлік инвесторға сатылатыны рас па?

Фото: Tengrinews.kz

Премьер-министр орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның меншік иесі өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жуырда әлеуметтік желіде "АрселорМиттал Теміртаудың" ресейлік "Северсталь" компаниясына сатылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

Үкімет кулуарында журналистер Жамаубаевтан осы ақпараттың рас-өтірігін сұрады.

"Бұл мәселемен тікелей Роман Скляр (бірінші вице-премьер) айналысып жатыр. Мұндай кәсіпорынмен белгілі бір тұлғалар тобы айналысуға тиіс. Маңызды келіссөз процесі болуы керек. Сол себепті егер әркім өз деңгейінде түсініктеме бере берсе, бұл дұрыс болмайды. Оның үстіне бұл келіссөздерге әсер етуі мүмкін. Мәлімдеме жасалды. Менің ойымша, саяси шешім бар. Сондықтан жұмыс істейміз", - деп жауап берді Жамаубаев.

Оның айтуынша, қажет болса Роман Скляр меншік иесінің ауысуына қатысты өзі түсініктеме береді.

Жамаубаев Қазақстан үшін инвестордың төлем төлеуге қабілетті болуы және өндірісті жаңғыртуға ақша құюы маңызды екенін атап өтті.