13 қаң, 2023 сағат 15:07

Арнайы прокурор Байденнің құпия құжаттарды сақтау себебін тексереді

ФОТО: JEMAL COUNTESS / POOLJEMAL COUNTESS | EPA

АҚШ бас прокуроры Меррик Гарлэнд Байденнің құпия құжаттарды сақтау себебін тексеретін арнайы прокурорды тағайындады. Прокурор "құпия" деп белгіленген құжаттар президент Джо Байденнің үйі мен зерттеу қорының ғимаратында қалай пайда болды деген сұраққа жауап іздейді, деп хабарлайды Азаттық.

Бас прокурордың жарлығында арнайы прокурордың міндеті Джо Байденнің құпия құжаттарды басқа жаққа "заңсыз" көшіруі мен сақтауын тергеу деп жазылған. Мәселе Барак Обама әкімшілігі кезінде вице-президент болып тұрған шақта Байденнің қолынан өткен құжаттарда болып отыр. Олар өзге құжаттармен бірге вице-президенттің резиденциясынан тасымалданған сияқты және оларды былтыр қарашада Байденнің көмекшілері тапқан.

Оқиғадан хабары бар адамдардың сөзіне қарағанда, оннан астам құжаттың "құпия" белгісі бар. Қағаздар ұлттық архивке берілген. Бірнеше аптадан соң Байденнің адвокаттары Байденнің Уилмингтондағы үйінен тағы бірнеше құпия құжат тапқан.

Ақ үй ақпаратты 10 қаңтарға дейін хабарламаған. 12 қаңтарда Ақ үй баспасөз хатшысы әкімшілік тергеуге көмектесетінін, құпия құжаттар ұлттық архивке қателесіп уақытында берілмегенін айтты.

Заңға сәйкес, Ақ үйден кеткеннен кейін президент пен вице-президент қызметтік құжатнамаларын ұлттық архивке тапсыруы тиіс. Мұндай талапты орындамау қылмыстық жауапкершілікпен қудаланады.

Былтыр бұрынғы президент Дональд Трамптың Флоридадағы резиденциясынан жүздеген қызметтік, арасында құпиялары да бар, құжат табылған соң бастапқыда ФБР, кейін арнайы прокурор тергеу бастаған. Мамандар бұрынғы президенттің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін де айтқан. Президент Байден сол кезде өзіне дейін президент болған Трамптың "асқан жауапсыздығына" бас шайқаған.

Енді Байденнің өзі бас прокурордың нысанасына айналып отыр, бұл - президент үшін аса жағымсыз жаңалық. Республикашылдар Байденге қатысты бірқатар тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Олар ақпарат неліктен бірнеше ай бойы жарияланбады деген сауал қояды.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.