05 жел, 2019 сағат 17:16

Арменияның бұрынғы президентіне "ірі көлемде ақша жымқырды" деген айып тағылды

Арменияның арнайы тергеу қызметі бұрынғы президент Серж Саргсянға "ірі көлемде ақша жымқырды" деген айып тақты. Тергеу органдарының дерегінше, Саргсян 2013 жылы фермерлерге жанар-жағар май алуы үшін бөлінген бір миллион долларға жуық қаражатты "жымқыруды ұйымдастырған".

Арнайы тергеу қызметінің хабарлауынша, Саргсян фермерлерді жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін жарияланған мемлекеттік тендердің жұмысына кедергі келтіріп, Арменияға ұзақ уақыт мұнай өнімдерін тасымалдаған Flash компаниясының жеңуі үшін жағдай жасаған. Арменияның ақпарат құралдарының жазуынша, Flash компаниясы 65 жастағы экс-президенттің жақын достарының бірі Барсек Бегларянға тиесілі.

Армения үкіметі жағдайы нашар мыңдаған фермерлерді бензинмен қамтамасыз етуі үшін Flash компаниясына 3,8 миллион доллар бөлген. Арнайы тергеу қызметінің дерегінше, Flash-тің бәсекелесі "Максхур" компаниясы арзан баға ұсынса да, байқаудан өтпей қалған. Егер ол компания тендерді жеңген болса, үкіметтің көп қаражатты үнемдеп қалуы мүмкін еді.

Серж Саргсян "істің саясиланғанын" айтып, тағылған айыптарды жоққа шығарды. Егер сотта бұрынғы президенттің кінәсі дәлелденсе, 4-8 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Арменияны 2008-2018 жылдар аралығында басқарған Серж Саргсян 2018 жылы сәуір айында үкіметке қарсы наразылық жалғасып жатқан кезде қызметінен кетті. Жаңа премьер-министр Никол Пашинян басқаратын жаңа үкімет жемқорлықты жоюға уәде беріп, бұрынғы басшылардың үстінен іс қозғалған.