03 нау, 2021 сағат 07:31

Армения президенті Саркисян Пашинян бұйрығына қол қоюдан бас тартты

Арменияда саяси жағдай ушығып барады. 2 наурызда президент Армен Саркисян қарулы күштер басшысын қызметінен босату туралы бұйрыққа қол қоюдан бас тартты.

Өткен аптада әскери басшылар премьер-министр Никол Пашинянды отставкаға кетуге шақырғаннан кейін Пашинян елде "әскери төңкеріс жасау талпынысы" болды деп мәлімдеп, қарулы күштер басшысын қызметінен босатқан.

Президент Армен Саркисян қарулы күштер басшысы Оник Гаспарянды қызметінен босату туралы бұйрыққа екінші рет қол қоюдан бас тартып отыр. 

Алайда президент Гаспарянды орнынан алу қаншалықты заңды болады деп конституциялық кеңеске сұрау салмаған. Ал заң сарапшыларының айтуынша, егер мемлекет басшысы 4 наурызға дейін жоғарғы сотқа апелляция түсірмесе, қызметінен босату туралы бұйрық автоматты түрде күшіне енеді. 

Пашинян мен оппозиция жақтастары Ереванда күн сайын митингілер өткізіп жатыр.

Былтыр күзде Әзербайжан мен этникалық армян күштері арасында Таулы Қарабақ үшін алты аптаға созылған соғыстан кейін Пашинян отставкасын талап етушілер көбейген. Елде наразылық көңіл-күй артқан. Көптеген армян Қарабақта атысты тоқтату келісім шарттарымен келіспейді. Осы келісімнің нәтижесінде Армения Таулы Қарабақтағы біраз аумақты бақылау құқығынан айырылған және 1990 жылдары армян күштері жаулап алған жеті ауданды Әзербайжанға қайтарған.

Таулы Қарабақ соғысы кезінде қолданылған ресейлік қаруларға сараптама жасаған Пашинянның сөзін бұған дейін қарулы күштер жетекшісінің орынбасары Тиран Хачатриян мысқылдағаннан кейін Пашинян оны қызметінен алған. Бұл шешім қарулы күштерді наразы етіп, бұған жауап ретінде қарулы күштердегі ондаған қызметкер Пашинян мен үкіметті "елді күйретуге аз қалды" деп айыптап, отставкаға кетуге шақырған.

Ал Пашинян бұл қадамды "әскери төңкеріс жасау талпынысына" теңеп, Гаспарянды дереу қызметінен босату туралы бұйрық шығарған.

Парламенттегі орындардың басым бөлігіне ие "Менің қадамым" атты фракцияны басқаратын Пашинян оппозиция талабын кері қайтарған, бірақ оппозиция бірқатар шартты орындаса кезектен тыс сайлау өткізуге әзір екенін айтқан.