30 сәу, 2020 сағат 18:15

Арқалықтағы науқастың өлімі коронавирустан болмаған – комиссия қорытындысы

Қостанай облысының Арқалық қаласында қайтыс болған науқастың өлімі коронавирустан болған жоқ. Коронавирусты жұқтырған науқастардың өлім жағдайларын зерттеу жөніндегі комиссия тұжырымында осылай делінген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, Арқалық қаласында коронавирус анықталған 84 жастағы кейуана өз үйінде көз жұмған болатын. 

Сoronavirus2020.kz сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 27 сәуір күні науқастың өлімі коронавирустан, не басқа сырқаттан болғанын анықтау үшін комиссия өткізілді.

«Зерттелген медициналық құжаттамаға сәйкес, пациент 2020 жылдың наурыз айынан бастап тіркелген орны бойынша «3-дәрежелі артериалдық гипертония, 3-дәрежелі қауіп, гипертензивті энцефалопатия» диагнозымен Арқалық қалалық емханасында есепте тұрған. 

Соңғы екі айда негізгі сырқаты бойынша үйге бірнеше рет жедел жәрдем шақырғаны анықталды. Оған дәлел - медициналық ақпараттық жүйе.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, сондай-ақ пациенттің жасын және созылмалы аурудың болуын ескере отырып, комиссия науқастың өлімі жүрек-қан қызметінің жеткіліксіздігінен болды деген қорытындыға келді. Коронавирус қосалқы сырқат болып табылады», - делінген мәліметте.