Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Еліміз егемендігін алғанда жергілікті халықтың үлес салмағы 40 пайызға да жетпейтін. Сондай шақта елімізге тағдыр-талайымен келген этнос өкілдері де бір кісідей жұмылып, достықты, бірлікті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп келеді.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары басшыларымен және этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесуінде осы жайттар тағы да айтылды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен кездесуге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының басшылары және этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов үстіміздегі жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, облыстық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы, «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренко, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова сөз сөйледі.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов баяндамасында облыстық Ассамблея жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ 5 институттық реформаның төртінші бағыты – «Біртектілік пен бірлік» аясындағы басты міндеттер мен «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің 7 тұғырын түсіндіру бағытында 148 елді мекенде кездесу мен 232 іс-шара өткізіліп, оларға 285 мың адам қатысқандығын айтты.
– Атап өтуіміз керек, мекеме филиалдарын аудандардан ашу алғаш Оңтүстікте қолға алынған болатын. Біздің жұмыс тиімділігімізді ескерген Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы оңтүстікқазақстандық тәжірибені республиканың басқа өңірлеріне енгізе бастады, – деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа функционалды бағыттар, атап айтқанда: қайырымдылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу, медиация желісін дамыту міндеттері жүктелді. Осылай деп сөзін сабақтаған хатшылық меңгерушісі облыс әкіміне жұмысты жандандыру бағытында бірнеше ұсыныстарын айтты:
Біріншіден, облыстағы барлық мектептер мен арнайы орта оқу орындарында толеранттылық клубын құруды ұсынамыз. Біз осы арқылы жастардың бойында қалыптасқан жалаң патриоттық санадан арылу және туындаған мәселелерді құқықтық мәдениет арқылы шешу бағытында жұмыс жасаймыз. Бұл клуб оқу орны – білім бөлімі – әкім – Ассамблея хатшылығы құрылымы негізінде жұмыс жүргізеді.
Екіншіден, аудан, қалаларда түрлі бағытты ұстанған кеңестер көп. Бірақ осы кеңестердің мүшелері әкімдік белгілеген жиыннан басқа кездері бас қоса бермейтіні белгілі. Қоғам белсенділерінің бейресми кездесулерін бір арнаға тоғыстыруды қолға алып, насихаттауды жөн көріп отырмыз. Мұндай басқосуларда бүгінгі күннің күйкі тірлігі емес, жергілікті жерде болып жатқан оңды өзгерістер мен жағымсыз жайттар жан-жақты екшеленіп, таразыланады. Сонымен қатар, ел бірлігі мен бауырмалдылықты ояту, дауласқан тараптарды татуластыру сынды мәселелер де қамтылады. Осы орайда бүкіл кеңестің басын қосатын «Келісім» қауымдастығын жасақтап, аудан, қалаларда сұхбат алаңын құруды ұсынамыз.
Үшіншіден, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірдегі белсенді этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» циклды шағын бейнероликтер түсіруді бастадық. Мұнда әр этнос өкілі Қазақ еліне келу тарихын еске алып, жергілікті халықтан сезінген сый-құрметке алғысын білдіреді. Әзірше, роликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Дайын өнімдерді Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында телеарналардан тұрақты көрсетуді ұсынамыз.
Төртіншіден, ҚХА-ның жаңа міндеттеріне сай медиацияға басымдық берілгенін ескеріп, облыстық деңгейде арнайы медиация орталығын ашуды ұсынамыз. Осы арқылы біз жергілікті жерлердегі шиеленістер мен түсініспеушіліктерді тиімді реттеп, азаматтардың құқықтық мәдениетін жетілдіреміз әрі дау-жанжалдардың оңтайлы шешу үрдісін қолданатын боламыз. Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың ұсыныстарын облыс әкімі жұмыс барысында қаперге алатындығын айтты.
Сөз реті келгенде айта кетейік, облыста 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар. Өңірде жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Сонымен қатар, белсенді этнос өкілдері жыл сайын облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығымен марапатталады.
Жансейіт Қансейітұлы осы қызметке келгенге дейін Қазақстанның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болғандығы белгілі. Облыстағы түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асановқа сөз берерде түрік тілінде екі елдің арасындағы туыстық байланыс туралы айтып, жұртты бір желпіндіріп алды. Облыстық түрік этномәдени бірлестігі ешқашан қайырымдылық шаралардан бас тартқан емес. Алматы облысының Қызылағаш ауылын және Қарағанды облысының бірқатар аудандарын қарғын су басқанда көмекке келген түрік бауырлар оңтүстікке Түркия мемлекетінен инвестиция тартуға белсенділік танытып келеді.
– Қазақстандағы әрбір этнос – біздің байлығымыз. Қиын-қыстау кезеңде туған жерінен көшіріліп, Қазақстанға әкелінген түрлі халықтарды қазақтар туғанындай бауырына басып, барымен бөлісті. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпайды. Өздеріңіздің бастамаларыңызбен «Қазақ халқына мың алғыс!» монументін тұрғызып жатқандарыңыз – жақынды білгендіктің, бауырмалдылық пен бірліктің белгісі. Шымкентте этномәдени бірлестіктерге беріліп жатқан бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры облыста ғана емес, еліміздегі іргелі ғимараттардың бірі. Сол «Ұлттар достығы» үйінде аталарымыз айтқандай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымаққа, бірлікке қызмет ете беріңіздер. Өйткені, бізді бір мақсат, бір мүдде тоғыстырады. Бәріміз Елбасының төңірегінде топтасып, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан табылайық, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ