23 там, 2019 сағат 22:01

Арабтар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салмақ

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын Саудтық ауыл және мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық компанияның (SALIC) басшысы Мэттью Дженсенмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен SALIC арасында ынтымақтастық орнату, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына сауд инвестицияларын тарту мәселесі  талқыланды. 

Осы ретте Елші Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен агро-өнеркәсіп кешені туралы кеңінен әңгімелеп, бұл салаларды дамыту бағытында Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандырды. Сонымен қатар ол елімізде шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктер, олардың құқықтары мен инвестицияларын қорғайтын заңнама мен тетіктер жөнінде айта отырып, компания басшылығының назарына ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар инвестициялық жобаларды ұсынды. 

Бұған қоса Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) мен Астана халықаралық қаржы орталықтарының қызметімен таныстырды. 

SALIC басшысы М.Дженсен еліміздің ауыл шаруашылығы, агро-өнеркәсіп саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпаратты үлкен қызығушылықпен қабыл алып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша компания делегациясының елімізге сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

SALIC Корольдіктің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған, құрылтайшысы САК Мемлекеттік инвестициялық қоры болып табылады. Компания ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруге және мал шаруашылығын жүргізуге қолайлы шет елдерге инвестициялар салумен айналысады. Алған өнімдерін Сауд Арабиясына импорттайды. Бүгінгі таңда SALIC Канада, Австралия, Украина, Еуропа және басқа елдерде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.