07 ақп, 2022 сағат 21:00

Әр өңірдегі ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылыққа бір мезгілде көшкен – Бас прокуратура


Ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір тергеу орын алған оқиғалардың қалай болғанын анықтауда. Бастапқы кезеңде наразылық білдірушілер өздерін бейбіт ұстады. Ол жерлерде қарапайым қызығушылық танытқандар, өтіп бара жатып тоқтағандар да көп болған. Аяғы тәртіпсіздікке айналады деп ешкім ойламаған. Алайда, кейіннен олардың арасына қылмыстық элементтер мен бұзақылар қосылып, бастаманы өз қолдарына алып, белсенді әрекеттерге итермелей бастады. 

Сонымен қатар WhatsApp және Telegram арқылы, әсіресе 4-5 қаңтар күндері тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттар айқындалды. Мысалы, Алматы қаласында санаулы сағаттың ішінде бір мессенджерге қатысушылар саны 140-тан 5,5 мыңға дейін артты. Осыған ұқсас Жамбыл облысында – чатқа қатысушылар саны 4 мыңға дейін жеткен. Сөйтіп қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған», - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Біразы дүкендерді талқандап, тонаумен айналысқан. Олар тіпті тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан үй-жайларды өртеп жібермек болған. 

«Тек тұрғындардың жанқиярлық тойтарыс беру әрекеттері ғана бұдан да ауыр зардаптар мен көптеген құрбандардың алдын алған. Дәл осы уақытта басқалары лаңкестік шабуылды жалғастыра берген. Олар айтарлықтай көп адам жинап, арматура, таяқ, кірпіш, тас және Молотов коктейльдерімен қаруланған. Оларға ғимараттарды өртеу үшін автомобиль дөңгелектері мен бензин жеткізілген. Одан кейін, айтарлықтай сандық артықшылықты пайдалана отырып, қоршауларды бұзып, өңірлердегі биліктің нышаны ретіндегі әкімдіктер ғимараттарын басып алуға кіріскен. Олар қару-жарақ қоймаларын басып алып, атыс қаруын алу үшін полиция ғимараттарына шабуыл жасап, соққыш ретінде қауіпсіздік күштерінен тартып алынған арнайы техника мен көліктерді, басқа да құралдарды пайдаланған. Ұрланған қару-жарақты, азық-түлік пен ауыз суды бүлікшілерге жеткізу және тарату амалдарын ұйымдастырған. Қару-жарақтың бүлікшілерге қалай жеткізілгенін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған видеолардан көруге болады», - деді ол.