26 сәу, 2022 сағат 15:33

"Аптап болжанып отыр". Смайылов министрлерге тапсырма берді

Фото:gov.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметке өрттің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жыл сайын табиғи өрттердің кесірінен көптеген адамдар қаза тауып, мүлік пен табиғатқа орасан зор шығын келеді. Қазгидромет болжамы бойынша биылғы жаз жылдағыдан ыстық болады деп күтіліп отыр. Өңірлерде қазірдің өзінде күн ысып, табиғи өрт саны артып отыр. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министрлігі мен  жауапты мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жіті назарында болуы тиіс", - деді Смайылов. 

Ол өңір әкімдіктері өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруды тапсырды. 

"Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерлері, санаторийлер мен демалыс аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алсын.

Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге орман және табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдасын. Күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ ірі өрттерді сөндіруге авиацияны тартуды қарастырсын", - деді Смайылов. 

Сонымен қатар елдегі бүкіл оқу орындарының өртке қарсы қауіпсіздік деңгейін тексеру туралы тапсырма берді.